Штаб мүшелері тұрғындармен кездесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елімізде атом электр стансасын салу мәселесіне тағы да оралып, бұған дейін айтылған республикалық референдумның нақты өтетін күнін бекітті. Сонымен, алдағы 6 қазанда ел тұрғындары бір кісідей атсалысып, аталған мәселеге орай өз таңдауларын жасауға тиіс. Ал, облыстық Халықтық штаб мүшелері республикалық референдум қарсаңында жергілікті жұртшылықпен кездесу өткізуде.
Мәселен, сейсенбі күні штаб мүшелері «Арайстроймаркет» серіктестігінің ұжымымен кездесті. Басқосу барысында штаб мүшелері: Арман Еділбаев, Жанна Оңғарбаева, Асқар Абдуалы мен Әшірбек Жақаш әлемдегі дамыған бірқатар мемлекеттерде бірнеше АЭС бар екенін, оларда жұмыс ешқандай зиянсыз жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ, олар елімізде АЭС салынған жағдайда энергия өндірумен қатар, көптеген тұрғындарға тұрақты жұмыс орны ашылатыны және жылу үшін пайдаланылатын отыннан шығатын зияндылықтардан құтылатынымыз жөнінде кеңінен түсіндірді.
Бұдан кейін, облыс орталығындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушылар құрамымен кездескен облыстық мәслихаттың депутаты Арман Еділбаев пен Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әсел Жапарова ұстаздар ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел азаматтарының әл-ауқатын арттыру жөніндегі прогрессивті бастамалары мен саясатын әрдайым қолдап келе жатқанын жеткізді.
Ал, Әсел Әбілханқызының айтуынша, болашақта атом энергетикасын дамытудың бірнеше елеулі артықшылығы бар екенін ескеру қажет. Ол өз сөзінде АЭС салу елді энергиямен қамтамасыз ету көздерін әртараптандыруға, көмір мен газға тәуелділікті азайтуға ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ, осы күні штаб мүшелері Кенжебек Олжабай мен Күләш Әбдікешова №1 Тараз қалалық емханасының дәрігерлерімен жүздесіп, атом электр станциясының артықшылығы туралы әңгімелесті. Іс-шара барысында атом энергетикасына қатысты барлық мәселе бойынша ел-жұртты кеңінен хабардар етудің маңызы және халық арасында ерекше беделге ие адамдар ретінде ақ халаттылардың бұл істегі рөлі талқыланды. Бұдан бөлек, атом энергетикасының мүмкіндігі, жаңа өндіріс орындарын дамыту перспективалары және лайықты еңбек жағдайын жасау жөнінде сөз қозғалды.
Сәрсенбі күні облыстық Халықтық штабтың мүшелері Қасымхан Естемесұлы мен Жақсыбек Қасымбеков «ӘулиеатаТрансПасс» серіктестігінің ұжымымен кездесті. Жиында әуелі сөз алған Қасымхан Естемесұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауының мақсатын түсіндіріп, оның әр бөліміне арнайы тоқталды. Ол өз сөзінде Президенттің бастамасының аясында ауқымды жұмыстардың қолға алынып, өз нәтижесін беріп жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, облыстық Халықтық штаб мүшесі 6 қазанда өтетін референдумға арнайы тоқталды.
Кездесу барысында облыстық Халықтық штабтың мүшесі Жақсыбек Қасымбеков те өз ойын ортаға салып, қазан айында өтетін референдум туралы түсінік берді. Ал, дәл осы күні облыстық фтизиопульмонология орталығында өткен жиында штаб мүшелері өздерінің салмақты ой-пікірлерін жүйелеп, мәселені аталған орталықтың ұжымымен бірге талқылады. Олар Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі атом энергетикасының артықшылықтары АЭС салу туралы, оның қауіпсіздігі халықаралық ұйымдар тарапынан қандай талап-ережелермен қорғалатыны жайында өз ойларын ортаға салды. Жиын соңында аталған орталық қызметкерлерінің тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.
Есен ӨТЕУЛІ