Шомылу маусымында 6 адам суға кеткен
Облыс аумағында халқы тығыз немесе оларға тікелей жақын орналасқан, қолжетімді және шомылуға жарамды 117-ден астам су айдыны бар. Биыл жыл басынан бері өңірде 6 адам суға батып кеткен, оның ішінде балалар жоқ. 2023 жылы осыған ұқсас кезеңде суға батқан 7 адам тіркелді, оның 3-еуі бала еді. Биыл шомылу кезеңінде 2 жазатайым оқиға тіркелді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Жалғас Абдуалиев 2024 жылғы шомылу маусымының өтуі туралы жасаған баяндамасында айтты.
Жалғас Бекмұратұлының айтуынша, судағы оқиғалар көп жағдайда адамның кінәсінен, өзіне деген сенімділіктің, өз күштері мен мүмкіндіктерін аса бағалаудың, судағы жүріс-тұрыс ережелерін елемеудің, атап айтқанда, тыйым салынған және бейтаныс жерлерде шомылудың, масаң күйде болудың салдарынан болады. Бұл ретте жыл басынан бері 4 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды.
Спикер өз хабарламасында облыс әкімінің 2024 жылғы 31 мамырдағы №139 қаулысымен өңірдің су объектілерінде шомылуға рұқсат берілген 13 орын белгіленгенін атап өтті. Мәселен, Тараз қаласында екі, Жамбыл, Сарысу аудандарында біреуден, Жуалы, Қордай, Талас аудандарында екіден, ал Шу ауданында үш жағажай бар. Аталған 13 учаскеде 7 коммуналдық және 6 жеке жағажай орналасқан. 7 жағажайда су айдынының түбін тексеру және тазалау жұмыстары жүргізілген, сондай-ақ 12 құтқарушы жасақ оқытылған. Сондай-ақ, жаппай демалуға арналған демалыс орындарының иелерімен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өзара ынтымақтастық негізінде әңгімелесу жұмыстары жүргізілді. Тараз қаласының, Талас, Сарысу және Шу аудандарының аумағында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша патрульдеу үшін стационарлық және мобильді бекеттер қойылған. Департаменттің аппараты мен ауысымнан бос құтқару бөлімшелерінің қатысуымен күн сайын сағат түскі 13:00-ден кешкі 19:00-ге дейінгі уақыт аралығында шомылуға жабдықталмаған акваторияларда рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП