Референдумға қатысуға шақырды
Алдағы 6 қазанда болатын референдумға барлық халықты түгел қатысуға шақырған кездесулер жалғасып жатыр. Осы мақсатпен Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай бастаған топ Тараз қалалық көпбейінді аурухана және консультативтік-диагностикалық орталығында медицина қызметкерлерімен кездесті. Онда атом электр станциясының ел экономикасына әкелер пайдасы мен экологиялық залалсыздықтары жөнінде кеңінен түсіндірілді.
Мемлекеттің әр тұрғынының референдумға барып, өз таңдауын жасауы азаматтық парыз екенін жеткізген штаб мүшелері кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Халықтың көбінің көкейіндегі «АЭС экологияға кері әсер етіп, адам денсаулығына зиянын тигізбей ме?» деген сауал мұнда да көтерілді.
Осыншама уақыт құрылысы жүргізілгенде 8 мың адам жұмыспен қамтылса, АЭС іске қосылғанда 2 мың адам тұрақты еңбек ететін болады деді штаб мүшелері. Қазіргі болжам бойынша АЭС Алматы облысына қарасты аймаққа салынса, ол біздің облыстың Мойынқұм ауданына жақын жерден орын теппек. Яғни, құрылысқа қажетті материалдар жақын маңайдан алынып, Мойынқұмдағы цемент зауытына табыс әкеледі деген сенім бар. Бұл өңіріміздің табысын арттырып, экономикасының дамуына көп септігін тигізеді.
Кездесу қорытындысында аталған аурухана ұжымы референдумға отбасыларымен бірге барып, өз таңдауларын жасайтындарын айтты.
Қамар ҚАРАСАЕВА