Тұрғындар мәселесі назардан тыс қалмайды
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады. Аймақ басшысының қабылдауына жазылған 12 азаматтың мәселесі қаралды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кеше ғана өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа» деп, әрбір шешімнің елге пайдалы болуын ескертіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін шараларды қолға алуды, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға іс жүзінде жан-жақты ықпал етуді тапсырған болатын.
Осы ретте кеше облыс әкімі Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Меркі, Талас ауданының тұрғындарын қабылдап, олардың мәселелеріне құлақ түрді.
Қабылдауда болған азаматтар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, ветеринария, кәсіпкерлік, жол және жер саласына қатысты ұсыныстар мен өтініш-тілектерін айтты. Өзге де мәселелер бойынша шағымдарын білдірді.
Ербол Қарашөкеев жауаптыларға өтініш иелерінің мәселелерін мұқият зерделеп, заң талаптарына сәйкес шешім қабылдау бойынша тапсырма берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.