Мал азығы жеті центнерге артқан
Ата кәсіпті жанға серік еткен қазақ халқы үшін қысқа дайындық жұмыстарының маңызы зор екендігі айтпаса да түсінікті. Маңызды міндетті іске асыруда Жамбыл жұртшылығы да жүйелі жұмыстарды бастап кеткен. Мал азығын дайындау бағытындағы кезек күттірмейтін жұмыстардың жүзеге асуы жайында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды.
Жиында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеев аталған бағытта атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтті. Оның хабарлауынша, өңірде жем-шөп қоры жеткілікті, мал азығын дайындау жұмыстары тұрақты негізде жүруде.
Төлебек Болатұлының айтуынша, биыл қыстап шығатын әрбір мал басына 19 центнерден азық дайындалып, өткен жылмен салыстырғанда 7 центнерге артқан. Жалпы облыста 5 862 мал қыстату орны бар болса, оның ішінде 1 202 қыстау шалғайдағы жайылымдарда, яғни құмды аймақтарда орналасқан. Қазіргі таңда малшыларға арналған тұрғын үйлер жөндеуден өткізіліп, дайындалған мал азығының негізгі бөлігі қыстау орындарына жеткізілуде. Сондай-ақ, облыста 1 түк пішеннің бағасы тұрақты 500-650 теңге болса, 1 килограмм құнарлы жем бағасы 60-68 теңге көлемінде сатылуда.
Басқосу барысында мал азығын дайындау мәселесі бойынша аудан әкімдері хабарлама жасады. Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев аудан басшыларына шалғай орналасқан қыстақтарға зерделеу жүргізіп, шаруалардың жол жүру, байланыс орнату, жем-шөп, азық-түлік қорын қалыптастыру, сондай-ақ қора-жайларының талапқа сай болу мәселесіне баса мән беруді тапсырды.
Сондай-ақ, облыс әкімі мал азығы бағасын қадағалап, оның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тұрақты түрде мониторинг жүргізуді қатаң ескертті. Аппараттық кеңесте бұдан бөлек, жеке тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген алқаптардың жай-күйі қаралып, аталған мәселе бойынша жауаптыларға бірқатар міндеттер жүктелді.
Нұрболат АМАНБЕК