Жүзден астам қоғамдық көлік жаңартылды
Тараз қаласында қоғамдық көліктердің паркін жаңарту және санын арттыру шаһар басшылығы тарапынан жоспарға сәйкес жүзеге асырылып келеді. Міне, кеше қаладағы қоғамдық көлік саны тағы 32 автобусқа артып, жаңарып отыр.
Ол көліктің 20-сы «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі болса, 12-сі «ТаразТрансМоторс» ЖШС еншісіне тиген. Бұл көлік құралдарын алу үшін бір миллиардтан аса теңге жұмсалған. Ал, автобустардың орын санына қарай оның бірінің құны 40 миллион болса, екіншісінің құны 52 миллион теңгені құрайды.
«ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС басшысы Рашид Пірмановтың айтуынша, шаһарға жеткізілген «SAMAUTO LE-60» маркалы су жаңа қоғамдық көліктер көршілес Өзбекстан республикасында шығарылған. Олардың ұзындығы 9 метрді, орын саны 25, ал жалпы сыйымдылығы 70 адамды құрайды. Автобустар төмен еденді, пандуспен және 6 бейнебақылау құрылғысымен жабдықталған.
Ал, «ТаразТрансМоторс» ЖШС тарапынан алынған 12 бірлік «KING LONG» маркалы жаңа автобустар Қытайдан жеткізілген. Олардың ұзындығы 10,5 метр, орын саны 35, жалпы сыйымдылығы 80 адамды құрайды. Ол автобустар халықтың сұранысына қарай №27 және №16 бағыттарға қойылған.
№13 бағыттың жүргізушісі Нұргелді Өмірәлиев осы серіктестікте 5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, бұған дейін №30 бағыттағы автобусты тізгіндегенін айтты. Енді өзіне жаңа көлік сеніп тапсырылып отырған жүргізуші бұдан былай да жұмыс сапасының жақсара түсетінін жеткізді.
Жаңа қоғамдық көліктердің тапсырылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Қос серіктестіктің еншісіне тиген көліктерді аралап, жаңа автобустардың жағдайымен танысып, жүргізушілердің қуанышымен бөлісті.
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков жыл басынан 80 автобус алынғанын, бүгінгі автобуспен 112 автобусқа жетіп отырғанын жеткізді. Жалпы қала әкімдігі бекіткен жоспарға сәйкес шаһардағы автопарктер жылына 70 автобуспен жаңарып отыруы тиіс. Бүгінгі күні жоспар артығымен орындалған. Алда тағы 45 жаңа автобус әкелу жоспарланған.
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков жыл соңына дейін қала орталығы мен шалғай шағынаудандарды жақындататын жаңа үш бағыттың ашылатынын жеткізді. Ал, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС басшысы Рашид Пірманов жаңа ашылған бағыттар осы аптаның жұма күнінен бастап жолға шығатынын айтты.
Тараз қаласы
Марат ҚҰЛИБАЕВ