Әдебиет айдынындағы бөлек әлем
«Қордайдың қоңыр Құлжасы» атанған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Несіпбек Дәутайұлының жарық жалғаннан кеткеніне де үш жылдың жүзі болды. Өңірдегі шығармашыл жастардың қамқоршысы болған қабырғалы қаламгерді еске алу мақсатында Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада «Әдеби сеніміне селкеу түсірмеген жазушы, аптал азамат» атты ой талқы кеші өтті.
Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Бекет Момынқұл, облыстық мәслихаттың депутаты, Ақпарат саласының үздігі, журналист Оралхан Дәуіт, облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, ақын Хамит Есаман, ақын, журналист Нұржан Қадірәлі, жазушы, журналист Ардақ Үсейінова, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Арайлы Жақсылық қатысты. Кеш барысында қаламгердің көзін көрген азаматтар мен шәкірттер оның кісілік келбеті мен болмысындағы өзгеге ұқсамайтын өрелігін айтып, еске алды. Бекет Момынқұл жазушының талант деңгейі, кісілік келбеті туралы сөз етті.
Бұдан бөлек, кездесу барысында қаламгермен қатар жүріп үнемі әдеби байланыста болған белгілі журналист Бекет Момынқұл мен облыстық мәслихат депутаты Оралхан Дәуіт, шәкірті Ардақ Үсейінова да жазушының шығармашылығындағы қоғамдық мәселелер мен дәуір шындығы туралы ойларымен бөлісті. Өз кезегінде ақын Нұржан Қадірәлі қаламгерге арнаған «Елесің де еңселі» атты өлеңін оқып берді.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ