Құқық

Жасөспірімдер арасында қылмыс азайған

Биылғы жылдың 7 айында өңірімізде кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған қылмыс 18,2 пайызға бәсеңдесе, есепті кезеңде жасөспірімдерге қатысты қылмыстар саны 3,3 пайызға төмендеген. Бұл ретте учаскелік полиция инспекторларының ұйытқы болуымен өткен «Өз құқықтарын білуге қабілеттігі», «Жеке және жол қауіпсіздігін сақтау», «Назар аударыңыз – бағдаршам», «Танымайтын тұлғалармен кездесу кезінде оқушының мінез-құлықтық ережелері» сондай-ақ, «Кәмелетке толмағандардың және олардың ата-аналарының әкімшілік жауапкершілігі» сынды сабақтар өз септігін тигізген.

Өңірлік полиция департаментіне бағынысты жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Әлішер Қалышевтің айтуынша, тамыз айының соңында басталып, 6 қыркүйек күні түйінделетін «Абайлаңыз балалар» акциясы аясында білім ошақтарының қауіпсіздігі қамтамасыз етілмек.

Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг соңында жасөспірімдердің қоғамдық орындар мен көшелерде шоғырлануын полицейлер ерекше бақылауға алғанын жеткізген спикер БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

 

Есен ӨТЕУЛІ