Өте сирек кездесетін ота жасалды
Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында өте сирек кездесетін ота түрі жасалды. Дәрігерлер 15 жастағы науқастан іш қуысын толтырып тұрған, көлемі 5 литрден асатын сұйық көпіршікті анықтап, оң жақ аналық безінің кистомасына күрделі операция жасады.
Анасы қызының ішінің бір жылда едәуір өсіп кеткенін байқапты. Сондай-ақ, жасөспірімнің іш аймағы да ауырып, мазалапты. Дегенмен, олар гинекологтың кеңесіне де жүгінбеген және жамбас мүшелерінің динамикалық ультра дыбыстық зерттеуінен де өтпеген. Тексеру деректерін ескере отырып, гинеколог-дәрігерлер Жәмила Мұсаева мен Гауһар Мәмбетова жедел түрде хирургиялық емдеуді жүргізу туралы шешім қабылдаған. Операция техникалық асқынусыз, барлық талаптарды ескере отырып жасалды. Ұзақ уақыттық хирургиялық тәсілден соң, аналық бездің сау тінінің жоқтығын ескере отырып, оң жақтағы цистома жойылды. Бірер сағатта өзіне келген жас қыз өзін мазалаған дерттен құтқарған дәрігерлерге алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Аналық без кистасы — қуыс құрылымы бар және сұйық немесе жартылай сұйық затпен толтырылған қатерсіз ісік. Ісіктердің түрлері өте көп, олардың кейбіреулері өздері ериді, ал басқалары хирургиялық емдеуді қажет етеді. Көбінесе кішкентай кисталар ешқандай жолмен көрінбейді, тек профилактикалық тексерулерде ғана диагноз қойылады. Кисталардың пайда болуының алдын алу үшін гормоналды фонды бақылап, сәтсіздікке жол бермеу ұсынылады, ауызша контрацептивтерді (таблетка) дәрігердің нұсқауы бойынша ғана қабылдап, жағдайының тұрақты болуын қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар, барлық әйелдер уақтылы емделіп, жылына кемінде 1 рет гинекологқа барып, профилактикалық мақсатта ультрадыбыстық зерттеу жүргізгені абзал.
Қамар ҚАРАСАЕВА