Жүктіліктің ерекше жағдайы анықталды
Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында науқастан жатырдан тыс жүктіліктің сирек жағдайы анықталып, оған күрделі ота жасалды. Жүктілікті арнайы жоспарлаған пациент ауруханаға тексеруден өтуге келгенінде жатыр қуысымен байланыспаған жүктіліктің сирек жағдайы орын алғандығын біледі.
Жүктілікті одан әрі ұзарту мүмкін еместігін және оның науқасқа қауіп төндіретінін ескеріп, гинекологиялық бөлімшенің гинеколог дәрігерлері – Жәмила Мұсаева мен Гауһар Мәмбетова жатырдың оң жақ түтігін алып тастауға бағытталған ота жасайды. Операция техникалық асқынусыз өтті. Науқас қанағаттанарлық жағдайда шығарылып, дәрігерлер пациентке одан әрі жүктілікті жоспарлау бойынша ұсыныстар берген.
Мамандар атап өткендей, жатырдан тыс (эктопиялық) жүктілік – ұрықтық ана безінің жатыр қуысында емес жерге имплантанцияланып дамуынан болады. Ұрық жұмыртқасын имплантациялау орнына байланысты түтік, аналық без, іш, интерстициальды (жатыр бұрышында) және мойын (жатыр мойны каналының аймағында) түрлеріне бөлінеді.
Эктопиялық жүктіліктің белгілеріне етеккірдің кешігуі, іштің төменгі бөлігіндегі өткір ауырсыну, жамбасқа берілетін ауырсыну, жедел қан жоғалту, естен тану, жүрек айну, құсу және бозғылт тері болуы мүмкін.
Эктопиялық жүктілікті емдеудің негізгі әдісі – хирургиялық жол. Инфекцияларды жүйелі түрде тексеру, оларды уақтылы емдеу, сенімді контрацепцияны қолдану және жүктілік бұрыннан болса, оны жоғары деңгейде бақылау сияқты қарапайым ережелерді сақтау – жатырдан тыс жүктілікті болдырмауға немесе уақытында медициналық көмекке жүгінуге сеп болады.
Қамар ҚАРАСАЕВА