Адам өмірін ажалдан арашалап қалды
Облыстық көпбейінді аурухананың хирургтары Астана қаласындағы Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының хирург-дәрігері, профессор, медицина ғылымдарының докторы Болат Шалабаевпен бірлесіп өткізген шеберлік сыныбы адам өмірін ажалдан арашалады. Аталған шеберлік сыныбының аясында 38 жастағы пациентке күрделі операция жасалды.
Байзақ ауданының тұрғыны трахеостомиядан кейінгі жағдай (тыныс алуды қамтамасыз ету үшін хирургиялық тесік жасау), трахеоканюленоскопия, кеңірдектің тыртықты тарылуы, мойын омыртқасының және С5 омыртқаның компрессиялық сынуы, жоғарғы парез, төменгі параплегия диагнозымен келген болатын. Кеңірдектің өзі бірнеше сантиметр болуына байланысты ол көмейден басталады да одан өткен ауа өкпеге түседі. Оның негізгі міндеті – ауыз арқылы енетін ауаны өкпеге жеткізу.
Медициналық қарап-тексеруден соң, пациенттің бір жыл бұрын мойын омыртқасынан жарақат алғаны белгілі болды. Ол 32 күн Тараз қаласының нейрохирургия бөлімшесінде стационарлық ем алып, бірнеше күн арнайы жабдықтың көмегімен тыныс алған. Экстубациядан кейін, яғни түтікті алып тастағаннан соң тыныс алуы қиындаған. Осыған байланысты оған трахеостомия деп аталатын хирургиялық араласу жасалып, кеңірдек арнайы пластикпен алмастырылды.
Трахеостомиялық түтікшені алғаш пайдаланған оны әр жарты сағат сайын дәрет мазалаған. Сонымен қатар түтікшені ауыстырған кезде және оны орнату кезінде де бірқатар қиындықтар туындаған. Сондықтан оған бір мезгілде бірнеше отапластикалық операциямен кеуде резекциясы жасалынады. Шебер дәрігерлердің жоғары біліктілігінің арқасында ота сәтті аяқталып, бүгінде пациент мұрын арқылы өз бетінше тыныс ала алатын жағдайға жетті.
Айта кетейік, кеңірдектің тыртықты стеноздарын жедел емдеудің мұндай әдісін меңгергендердің бірі – облысымыздағы білікті де білімді хирург Жандос Сейдахметов.
Өзіміздің білікті дәрігерлердің қызметімен науқас шетел асып, әуреленбей, денсаулығын қалыпқа келтіргені қуантады.
Қамар ҚАРАСАЕВА