Сүт өңдейтін серіктестік
Сүт өңдеу өндірісі Жуалы ауданында жақсы жолға қойылған. Бүгінде оның саны жеті өндіріс ошағына жетіп отыр. Соның бірі – Шақпақата ауылында жұмысын бастаған «Samurai» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Хадиша апа» жеке кәсіпкерлігі.
Жұмысын осыдан екі жыл бұрын бастаған шағын цехтың жалпы қуаттылығы 4 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда цех тұрғындардан тәулігіне 1,5 тонна сүт қабылдауда. Онда ірімшік, сары май мен ультражоғары термоөңделген табиғи сүт жəне құрт өнімдері өндірілуде.
Серіктестік директоры Нұрбақыт Тілегеновтың айтуынша, цехтың жылдық қуаттылығы 1500 тоннаны құрайды. Ал тәулігіне цехта 4 тонна сүтті өңдеп, дайын өнім шығаруға қауқарлы. Әзірге 1,5 тонна сүт қабылдап, сүттен алынатын өнімнің 7-8 түрін шығаруда.
Қазір серіктестік директоры ауыл сыртынан жер телімін алып, кəсіпорнын кеңейту мақсатында өз жобасын Шақпақ ауылдық округі әкімдігіне өткізіп, қорғауда.
Округ әкімі Нұрбақыт Балтабаев кәсіпкерлік нысандардың көптеп ашылуына ынталы. Ол кәсіпкерге округ тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын айтуда.
Кәсіпкердің жобасы әкімдік тарапынан қолдау тауып, оған қажетті жер телімі бөлініпті. Ал цех басшысы Еламан Пернешов жұмысты жандандыруға барынша күш салып жатқанын айтуда.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы