Саясат

Ел өміріндегі маңызды қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ел экономикасын ілгерілетудің негізгі тетіктеріне тоқталып, шешу жолдарын көрсеткен еді. Оның ішінде, ең маңыздысы әрі мазмұндысы – атом электр станциясын (АЭС) салуға қатысты жалпыұлттық референдум өткізу.

Бұл шара әбден сала мамандары мен қоғам белсенділерінің талқысынан өтіп барып қабылданған шешім. Енді, бұл бастаманың нүктесін халықтың дауысы шешеді. Осыған орай, облыста арнайы штаб құрылып, жұмыс тобы үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті.

Штаб құрамында қоғам белсенділері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, депутаттар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар. Штаб мүшелері Жаңа Жамбыл фосфор зауытының жұмысшыларымен, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушылары және студенттерімен, облыстық статистика департаментінің қызметкерлерімен кездесті. Олармен өткен жиында, «Қазақстанда атом саласын дамыту» тақырыбында сөз қозғалды.

Үш мекемеде де еркін форматта өткізілген жиын барысында штаб мүшелері тақырып аясында өз ойларымен, ұстанымдарымен бөлісті. Қоғам қайраткері Батырбек Құлекеев қазіргі таңда әлемде энергия тапшылығы күшейіп бара жатқанын айта келіп, елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет екенін жеткізді.

Ал облыстық мәслихаттың депутаты Эльмира Қойлыбаева болса, референдум өткізудің негізгі себептері мен мақсатына тоқталып, «әрбір ел азаматының референдумға қатысып, өз дауысын беруі оның азаматтық парызы» деп атап өтті.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Байжұманов бұл тақырыпқа ғылыми тұрғыдан келіп: «Қазіргі таңда Франция мемлекеті электр энергиясының 80 пайызын атом электр станциясынан алып отыр. Қытайда да солай. Есесіне табиғатқа ешқандай залал келтіріп отырған жоқ. Ал, біздің еліміздегі Екібастұздағы электр станциясы энергияны көмірден алуда. Оның экологияға тигізіп отырған зардабы ауыр. Сондықтан да біз заман көшінен қалмай алдағы референдумда дұрыс таңдау жасауымыз керек. Ал жалпы атом электр станциясын салуға 10-12 жыл кетеді. Оның барлық талабы, қауіпсіздігі сақталатын болады. Атом электр станциясын салуға, мамандар дайындауға Қазақстанның мүмкіндігі бар», – деді.

«Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Ерсін Сариев өз кезегінде зауыт қуатын осы энергия және табиғи газ есебінен арттыра алмай отырғанын айтып, атом электр станциясын салу өнеркәсіп ошақтарының қуатын арттыру үшін маңызды екенін жеткізді.

Кездесу соңында елімізде атом электр станциясын салуға қатысты түрлі сұрақтар қойылды. Штаб мүшелері жан-жақты, шетел тәжірибелерін мысалға келтіре отырып жауап берді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ