Қоғам

Жамбыл жастарының белсенділігі жоғары

Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы жарияланғалы өңірімізде көптеген сенбіліктер мен тазалық іс-шаралары өтті. Аталған акцияға тараздықтар да қомақты үлес қосып келеді. Жақында сондай іс-шараның бірі облыс орталығындағы «Бәйтерек» шағынауданында жалғасты.

Мұнда қалалық балалар ауруханасының алдында үлкен канал бар. Айнала тал-дарақ орналасқан каналдың аумағы шамамен 10 гектарға жуықтап қалады. Бұл жолы осы тоғанның айналасы шіріген талдардан тазартылып, бейберекет өскен шөбі орылды. Жұмысқа «Жасыл ел –Тараз» мекемесінің жұмысшыларынан бөлек, мәдениет, спорт салалары бойынша қалалық мекемелердің қызметкерлері, «Жасыл ел» жастар жасағы, еріктілерден құралған 250 адам қатысты.

Аталған экологиялық акцияға «Жасыл ел – Тараз» мекемесін бастап келген бригадир Оразалы Данаев осында 50 жұмысшы еңбек етіп жатқанын айтты. Біз осы тазалыққа жауапты мекемеде ұзақ жылдар бойы тер төгіп жүрген жұмысшы Сұлтан Іскендіров, Шолпан Сияқұлова секілді еңбек адамдарының еңбегіне сүйсіндік. «Жасыл ел – Тараздың» жұмысшылары моторлы орақпен шөп ору жұмысын едәуір өндіріп тастады.

Ал, Тараз қаласы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізетін орталықтың әдіскері Темірлан Әбітаев акцияға қырыққа жуық қызметкерлерді бастап келді. Кезінде кикбоксинг спортымен шұғылданып, екі дүркін облыс чемпионы болған азаматтың Тараз қаласының тазалығына деген құрметі бөлек.

Ал, Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйі директорының орынбасары Бақдәулет Төлегенов: «Біздің мекемеде 33 адам еңбек етеді. Осы іс-шараға 20 қызметкер өз еріктерімен келіп, атсалысып жатыр. Қаланың тазалығына үлестерін қосқанына барлығы да қуанышты. Себебі, тазалық бар жерде, жақсы көңіл-күй бар. Біз алдағы уақыттарда да қала тазалығына атсалыса беретін боламыз», – деді.

Бұл тазалық іс-шарасына еріктілердің де қосқан үлесі қомақты. Біз Жамбыл жоғары медициналық колледжінің бірнеше студентін кездестірдік. Барлығы да еріктілер. Студент Мөлдір Оразбек мұндай іс-шараларға белсене қатысқан өзіне ұнайтынын айтса, «Тараз – Парасат» колледжінің студенті Ақнұр Тойымбетова: «Кішкентай кезімнен өнерге жақын болдым. Гитарамен ән айттым. Мектепте қоғамдық жұмыстарға белсенді болдым. Қазір медициналық мамандықты таңдағаныммен, өнерді де ұмыт қалдырған жоқпын. Достарыммен жиналған сәтте ән шырқап жүремін. Гитара аспабы – жан серігім. Қоғамдық жұмыстарды өте ұнатамын. Сондықтан, еріктілер құрамында жүрмін. Осындай акцияға қатысып, қаланың тазалығына тамшыдай үлес қосқаным – үлкен жетістігім. Алдағы уақытта да патриоттық іс-шаралардан бас тартпаймын», – деді. Ал, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі ұйымдастыру және бақылау бөлімінің бас маманы Ақәділ Ринатта өз ойымен бөлісті.

Тазалық – үлкен байлық. Барлық береке тазалық сақталған жерде болады. Аталған акция аясында әр ауылдың ажары кіргені анық. Әр адам өзінің ауласын, өз үйін, өз көшесін таза ұстаса, ауыл тегіс таза болады. Біз аталған іс-шара аясында «Бәйтерек» шағынауданының ажарланғанын көрдік. Жастардың белсенділігіне көңіліміз толды.

 

Есет ДОСАЛЫ