Жаңалықтар

Президент кеңесшісі білім саласының өкілдерімен кездесті

Күні кеше ел Президенті кезекті Жолдауында мелекетіміздің даму бағыттарын айқындап, білім саласына да баса мән беріп өткен болатын. Еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуында, нарықты кадрлық резервпен қамтамасыз етуде жоғарғы және орта білімнің маңызды рөл атқаратындығын айтқан Президент аталған салада жүйелі жұмыстардың жалғасын таба беретінін жеткізді. Соған сәйкес, Жолдаудың мән-мағынасын түсіндіріп, халықпен қоғамдық диалог орнату мақсатында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды. Әуелі М.Х.Дулати университетінде оқытушылар мен студенттермен жүздескен Президент кеңесшісі Меркі ауданына атбасын бұрып, ұстаздармен кездесті.

Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып беріп, жүргізіп отырды. Бұдан әрі білім беру жүйесінің әлеуметтік саладағы маңызы мен мәніне тоқталған облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов бұған дейінгі Жолдаулар аясында Мемлекет басшысы тапсырған міндеттердің іске асу барысын баян етті.

Бұдан өзге, басқарма басшысы оқушылар қауіпсіздігі, әлеуметтік қамту мен білім мекемелерін техникалық жабдықтау мәселелері жөнінде де сөз қозғап, бірқатар білім ошақтарының басшылары Жолдау жүктеген міндеттерді іске асыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ, Мәлік Отарбаев Президенттік стратегияның негізгі бағыттары экономиканы жаңғырту, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударып, бүгінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижесі жайында сөз қозғады. Бұл ретте Президент кеңесшісі қоғамдық сананы қалыптастыруда ұстаздардың идеологиялық рөлі басым екендігіне де тоқталып өтті.

Бұдан өзге, жиында Жолдауда айтылған міндеттердің іске асырылуы, 6 қазанда өтетін АЭС салу бойынша референдумның маңыздылығы, оқитын ұлт қалыптастырудағы жұмыстар жөнінде айтылып, білім саласы мамандарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

 

Меркі ауданы