Мәдениет

«Аққу» домбыраның тарихы

Бұл күнде жерлесіміз, домбыра жасаудың хас шебері – Балтабай Дәуірбековтің есімі ел-жұртқа етене таныс. Әсіресе, өнер өлкесінде жүрген өнерпаздар шебермен тығыз қарым-қатынас орнатуға құштар-ақ. Ал, киелі сахна төріндегі талантты жандардың талайы әйгілі «Аққу» домбырасының авторы дайындаған дүниелерді әлі күнге дейін қолданып келетіні ақиқат. Осы ретте «Қозықұйрық» және «Абай» деп аталатын қос домбыраның өлшемінен алынып, аққу құсына ұқсастырып жасалған дүниенің шығу тарихына аз-кем тоқталуды жөн көрдік.

Жалпы, егемен елімізде домбыра жасау өнерінде әр аймаққа тән өзіндік ерекшеліктер бар екені белгілі. Мәселен, батыс өңірлерде бұл аспап қозықұйрық пішіндес болса, Шығыс аймақта қалақ түрінде жасалады. Соған сәйкес пернелері де әртүрлі. Сонымен, алпыстан астам элементі бар ішекті аспаптың дыбысының тазалығы, үнінің кең тыныстауы, бір сөзбен айтқанда, домбыраның сапалы шығуы оны жасайтын қолөнершінің шеберлігіне тікелей байланысты.

Қасиетті Әулиеата өңірі он саусағынан өнер тамған дәл осындай шеберлерден кенде болған емес. Біздің өңірде ағаштан әрқилы дүние жасайтын шын таланттар қазір де жетерлік. Бірі мұны кәсіп етсе, өзгесі бұл өнерді хоббиіне балайды. Бүгінгі таңда ұлттық құндылығымызды жаңғыртып, мәдениетімізді дәріптеп жүрген алдыңғы буын өкілдерінің бірі – Балтабай Дәуірбеков. Мәдениет қайраткері, Мәскеуде өткен ІІ дүниежүзілік фестивальдің лауреаты Балтекеңнің шеберханасынан бұған дейін де түрлі ұлттық аспаптар жасалған еді. Алайда, «Аққу» домбырасының орны бөлек. Өйткені, осынау дүниенің авторлары: бейнелеуші Жұматай Сүйінбаев пен оны жасап шығарған Балтекең қазіргі қоғамның ащы шындығына айналған мәселеге де өзіндік үн қосуды қалаған.

Иә, қазақ халқы аққу құсын ежелден-ақ бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктік пен сұлулықтың символы әрі құстың төресі деп қастерлеген. Ықылас Дүкенұлының «Аққу» күйі, Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы» және мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» шығармасы қазақтың осынау тіршілік иесіне деген шынайы сүйіспеншілігінен туындаса керек. Ал, Үкілі Ыбырайдың «Гәккуді» қоңыр қаздай қаңқылдаттым деп жырлауы өз алдына бөлек әңгіме. Айтпақшы, хас шебер Балтабай Дәуірбековтің болашақта бұл тақырыпта ән жазу жоспарында бар.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Сарысу ауданы