Жаңалықтар

Астарлы сөздің ақиқатын түсінген жөн

Ертеде бір аңғалдау, жуас кісі болыпты. Әлгі азаматтың ауыл аймағына, туысқа, тіпті бауырларына да қадірі болмапты. Ағалары үйіне келгенін ұнатпай, жеңгелері де қабағын шытып, үнемі жақтырмайды екен. Содан әлгі кісі неге бұлай екенін ойлап басы қатыпты. Ойлана келе сол ауылға сыйлы, дана кісіге барып бұл жағдайдың себебін сұрайды. Сонда әлгі адам: «Саған бір ғана ақыл айтайын. Ағаңның үйінің есігін теуіп кір» депті. «Шынымен сол кезде бәрі дұрыс бола ма?» депті әлгі аңғал адам. «Әрине» деп жауап беріпті данышпан.

Әлгі кісі сөзді тура мағынасында қабылдап, шаңқай түсте ағасының үйінің есігін дүңкілдетіп теуіп кіріпті. Біреудің үйін теуіп кірген кісінің жағдайы қалай болатыны белгілі. Жеңгесі болған жағдайға қатты ашуланып, ештеңеге қарамай үйінен қуып шығыпты.

Әлгі кісі ештеңені ұға алмай, қайтадан данышпанға барады.

Сонда данышпан: «Сіз менің айтқан ақылымның мәнін ұқпаған екенсіз. Мен ағаңның үйіне сыйлық алып, қолың босамай, есікті аяғыңмен түртіп кір деген едім», – депті.

Жалпы, кім кімге де құрметпен қарау маңызды. Ал, бірге туған бауырға жылы сөйлеп, сыйлықтар беріп, жанашырлық таныту асыл қасиет болса керек. Әрі астарлы сөздің ақиқатын да түсінген жақсы!

 

Есет ДОСАЛЫ