Әлеумет

Қорғаныс саласына қолдау бар

Ел Үкіметі жыл өткен сайын әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыруға бағытталған бірқатар шешімдер қабылдап келеді. Мәселен, 2022 жылдың күзінен бастап Қорғаныс министрлігінің бастамасымен әскери шақырушыларға «кредиттік демалыс» беру жүйесі іске қосылды. Ал, өткен жылдан бастап еліміздің Қорғаныс министрлігі мен республикадағы жоғары оқу орындары арасында «азаматтарды әскери патриоттық тәрбиелеу саласындағы ынтымақтастық туралы» келісімге қол қойылды. Осылайша, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу барысында ерекше көзге түскен сарбаздарға 80-нен астам жоғары оқу орындарына жеңілдікпен оқуға түсуге мүмкіндік берілді. Шын мәнінде, мұның бәрі жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру мақсатында жүзеге асқан еді.

Атап өту керек, осы жылдың көктемгі мерзімді әскери шақыру науқанының қорытындысында 1502 азамат әскер қатарына алынған. Бұл туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте өткен жиын барысында кеңінен айтылды. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, өңірлік Ұлттық қауіпсіздік департаменті басшысының кадр мәселелері жөніндегі орынбасары, полковник Алмаз Сахимов, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нұрбол Зейнелов және Тараз қаласы мен аудандардағы әскери бөлімдердің өкілдері, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың әскерге шақыру жұмысын ұйымдастыруға жауапты тұлғалары қатысты.

Басқосуда облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Сәбитұлы күзгі шақырылым жұмыстары өз деңгейінде ұйымдастырылуы қажеттігін баса айтты. Мұнан соң, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, полковник Қуаныш Симтиков баяндама жасады.

Бұдан кейін, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланның өкілі Артур Эглит әскери қызмет өткеруден жалтарған әскерге шақыру жасындағы азаматтармен тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде белсенділік танытқан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен жергілікті атқарушы органдарға алғысын білдірді. Мұнан соң, Артур Эдуардович жастарды әскери қызметке шақыру жұмыстарында еңбегімен көзге түскен бірқатар азаматтарды Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық Ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақановтың атынан марапаттады. Ал, жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров көктемгі әскерге шақыру науқанында олқылықтарға жол берген Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Серікқызы мен Мойынқұм аудандық әкімдігінің инспекторы Мұсахан Елжаннан жауап алды.

 

Есен ӨТЕУЛІ