Әскердегі әр күн – өмірлік сабақ
Бүгінде мемлекетіміздің Қарулы Күштері жауынгерлік даярлықтың жоғары қарқынды деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери оқу орындары жүйесімен және қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен ерекшеленеді. Бұл ретте облыс аумағында орналасқан 91678 әскери бөлімі ел қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуде өзіндік зор үлесін қосып келеді. Осыдан 24 жыл бұрын яғни, 2000 жылы таулы-егерьлік полк Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінде батальон болып жасақталады. Бұдан кейін, Гвардейск гарнизонында жауынгерлік оқу-жаттығуға қатысқан батальон Бауыржан Момышұлы ауылына келіп шоғырланды.
Айта кетейік, бұл бөлім әуелгіде Тараз қаласындағы таулы атқыштар бригадасының құрамында болады. Ал, кейін жеке батальон болған соң, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына тікелей бағынысты мекемеге айналды. Сөйтіп, 2013 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің Директивасына сәйкес, полк болып жасақталды. Бірі білсе, бірі білмес, дәл осы Әскери бөлім Ауған соғысының ардагері, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың идеясымен құрылған. Бұл күнде таулы-егерьлік полкі ТМД елдеріндегі осы бағыттағы жалғыз полк. 91678 әскери бөлімінің жауынгерлік тапсырмасы бір сөзбен айтқанда – таулы аймақтардағы қорғаныс пен ұрысты ұйымдастыруға арналған. Ал, мұндағы взвод командирі, аға лейтенант Шоқан Айназардың міндеті – бейбіт уақытта сарбаздарды және сержанттарды әскери іске дәйекті оқыту. Яғни, саптық дайындық және атыс, тактикалық дайындықтарды үйрету. Жалпы, Шоқан Исаұлы Тараз қаласында өмірге келген. 2016-2020 жылдары Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында курсант болған. Еңбек жолын Қапшағай қаласындағы әскери бөлімде взвод командирі болып бастаған ол өткен жылдың маусым айында 91678 әскери бөліміне ауысып, мұнда да взвод командирі қызметіне тағайындалады.
Ал, әскер қатарына жақында ғана келген жас сарбаз Рамазан Айдосұлы Шымкент қаласының тұрғыны. Әкесі Айдос Шымкент қаласында 35748 әскери бөлімінде қызмет етеді. Шені – майор. Ал, анасы аспаз болып жұмыс істейді. Рамазан бес ұл-қыздың үлкені.
Ол 2005 жылы өмірге келген. Мектеп бітіріп, Шымкенттегі медициналық академияға фармацевтика мамандығы бойынша оқуға түскен. Алайда, бұл оқуға өзінің жүрек қалауымен түспеген соң, бірінші семестрден кейін оқудан шығып кетеді. Оның да арманы – әскери қызметші болу. Осы себепті, Шымкент қалалық қорғаныс бөліміне барып, өзі сұранып әскер қатарына алынады. Әскерден кейін Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға түсуді жоспарлап отыр. Ол үшін әскерден кейін ҰБТ тапсырмай-ақ оқуға түсуге мүмкіндігі бар екенін де айтты.
Есен ӨТЕУЛІ