Жаңалықтар

Ауданның құрылуына атсалысқан Алаш арысы

Киелі Жамбыл өңірінде талай ұлт қайраткерлерінің ізі қалған. Оның ішінде ағайынды Бәйсейіт пен Дінше Әділовтер, Жанайдар Садуақасов, Шабден Ералиев, Бәкен Серікбаев секілді Алаш арыстары әр жылдары қызмет еткен. Ал, ауданның құрылуы мен бүгінгі күнге дейін жетуінде Ораз Жандосовтың еңбегі ерен екендігін айтпай өтуге болмас. Аудан халқын Саудакент өңіріне топтастырып, аштықтан аман сақтап қалудағы қажырлы еңбегі ұшан-теңіз екенін сол Оразды көрген кісілердің сөздерін естіген жерлестердің естеліктерінде де ұшырасады.

Ораз Жандосовтың Әулиеата жерімен байланысы ашаршылық жылдарының алдыңғы толқынымен тұспа-тұс келеді. Сол жылдары кеңестік билік Оразды сол кездегі Алматы облысының Қастек пен Қордай аудандарына және Әулиеата өңірінің Сарысу ауданына уәкіл етіп тағайындады. Ол жергілікті жерлерде қалыптасқан ауыр жағдайларды, республика басшылығына қаймықпай шындықты ашық айтып отырды. Көп жыл Сарысу аудандық «Октябрь таңы» газетін басқарған, қаламы қарымды, елге белгілі азамат Төкен Мақашев өзінің «Ораз – халық қамқоршысы» атты мақаласында: «Аудан халқы осы бір ауыр жылдарды басынан өткізіп, Саудакент төңірегіне қоныстануға бет алған кезде өлкелік партия комитеті мен Қазақ АКСР Атқару комитеті аудан халқын қоныстандырып, шаруашылыққа бейімделуді Ораз Жандосов басқарған арнайы комиссияға тапсырды. Комиссия мүшелері көшіп келе жатқан елдің алды-артынан шығып, киіз үйінен, мүлкінен айырылған, біреуі көрпе-жастығымен әрең жеткен көптеген отбасының сиқымен танысты», – дейді.

Аудан халқының осы жайы қайраткерді көп ойландырып, көп толғандырды. Ол аудан басшыларымен, активтерімен кеңесе отырып, халықты осы қиындықтан құтқару шараларын жасады. Аудан активтерін, жергілікті мүліктерді пайдаланып, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге жұмылдырды. Әр жерден аңшылар, балықшылар бригадасын ұйымдастырды. Құрылысшылар бригадаларын ұйымдастырып, қолда бар күш-көліктерін жергілікті құрылыс материалдарынан, тал-шыбық кесіп, қамыс дайындады. Кірпіш құйдырып, аудан орталығынан колхоз орталықтарын үй-жай салуға бейімдей бастады. Өзі облыс орталығы Шымкент, Әулиеата қалаларына барып, үкімет адамдары арқылы сыртқы көмектерді, азық-түліктерді жеткізуге, егін егуге қажетті материалдарды, құрал-саймандарды, мәдени-тұрмыстық қажетті заттарды жеткізуді ұйымдастырды.Халықтың еңсесін көтеру мақсатымен комиссия мүшелерінің бармаған, көмек сұрамаған жері жоқ.

Республика басшыларына дейін, облыстың тиісті мекемелеріне дейін барып, жаңадан көшіп келе жатқан ауданға әртүрлі көмектер сұрады. Бірде-бір сауатты мұғалім, дәрігер, есепші, мал маманы жоқ. Ауданға мұғалім, дәрігер, есепші, мал мамандарын жіберуді өтінді. Мектеп ашуды, жаңадан кооператив орталықтарын ұйымдастыруды және тағы да басқа халыққа қажетті мәдени-тұрмыстық қажеттерін өтеуді сұраудан жалықпады. Тіпті, кейде осы көмектерді беруден жалтарған немесе бермей селқос қараған облыстық мекемелердің кейбір басшыларымен айтысуға дейін барды. Оларды баспасөздерде, облыстық партия комитеттері мен атқару комитеттерінің мәжілістерінде батыл сынады. Облыстық партия комитеттерінің алдында бұл мәселе жөнінде принципті мәселелер қойды.Аудан халқына қаншалықты қамқорлық жасалғанын Ораз Жандосовтың «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1933 жылғы 1 маусымдағы нөмірінде «Сарысу ауданы жаңа шаруашылықтың есігін ашты» деген тақырыпта жарияланған өз мақаласынан айқын сезінеміз. Ораз мақаланы «Сарысу ауданын тәжірибелі қызметшілерімен, машина, саймандар, қаржы берумен отырықшыландыру жұмыстарын жолға қоюмен қамдайық» деген ұран-шақырумен бастаған. Осы мақаланың «Сарысу ауданына облыстан мықты көмек керек» деген тарауында сол кездегі ауданның хал-жағдайына тоқталады: «Сарысу ауданы әрі кішкене, әрі шаруашылығынан артта қалған көшпелі аудандардың бірі. Сөйтсе де биыл мұндағы істердің маңызы өте үлкен болды. Осы істің арқасында, тап қазірдің өзінде-ақ 2 мыңдай үй ауыл шаруашылығын кәсіп қылып, отырықшылық күйге енгізілді, егін егуі де тұрақтанды. Сөйте тұра Сарысу халқының бірнеше жүздеген шаруалары облыстың басқа аудандарына тарап кетіп отыр.

Жалғыз Созақ ауданының өзінде 500-дей сарысулық көшпенділер бар. Міне, бұлардың барлығы өздерінің бұрынғы ауданы Сарысуда қазіргі күні не істеп, қандай шаруашылыққа бейімделіп жатқанын қадағалап қарап отыр. Бұлар жақын күнде егін піссе Сарысуға қайтпақшы».Мақаланың «Сарысудың болашағы үлкен» деген бөлігінде Сарысу ауданының қазіргі орналасқан жері оған Талас, Созақ аудандарынан қосылған ел, жерлерді қоса есептегенде жер көлемі үлкен, келешекте мал, егін шаруашылығымен айналысатынына үлкен сеніммен қарайды. Ораз ойымен жоспарланған бұл мақалада: «Сарысу ауданынан Талас ауданының үш ауылының ішіне келіп, осында отырып қалған шаруалар көп. Бұл үш ауыл Таластың орталығынан 120 шақырым алыс. Міне, осы ауылдарды Сарысуға қосып, онан соң Созақ ауданынан Сарысу ауданына біраз ауылдар қосу керек. Міне, осы жоспармен келешек Сарысу ауданының көлемі зор, өз алдына шаруашылығы бар ірі ауданның бірі болуына мүмкіншілігі бар. Аудандағы көшпелі халықтарда 1 мың түйе, 600 ат, 2 мыңдай қой және басқа түрлі малдар бар. Тексеру кезінде Қаратаудың етегін алып жатқан жер егін егуге қолайлы әрі пішен шөбі мол жайқалған жер екендігі анықталды. Егінге жарарлық жер 80 мың гектардай бар. Ал, Қаратаудың аяғындағы алыс жатқан құмды қырлардың екі аралықтарында шабындық жерлер бар. Міне, бұл мүмкіндіктердің барлығы да Сарысуды алдағы күндерде облысымыздың мал шаруашылығы, әрі егінді, әрі мақталы шаруашылық етіп жіберуімізге мүмкіншілік бар», – дейді.

Аудан шаруашылығы мен мәдениеті де Алаш арысының қаперінен тыс қалмады. Ол мақаланың «Кейбір облыстық мекемелер Сарысуды менсінгісі келмейді» деген тарауында байланыс, шаруашылық қатынасын жасау үшін телефон, телеграф қатынасын орнатудың, машина беруді, сауда кооперативін құруды, ұйымдастырудың қажеттігін сөз етеді. Оқу-ағарту, денсаулық сақтау маман қызметкерлер жөнінде аса жанашырлықпен былай деп жазды:«...Жаңа ауданның орталығы Байқадамнан жеті жылдық мектеп ашып, бұл ауылға толық білімді мұғалімдер беру керек. Бұл ауданда 13 мұғалім бар. Мұның ішінде төрт жылдық мектепті бітірген бірде-бірі жоқ. Дәрігер жақтарынан да жәрдемдесу керек. Аудан басшылығындағы қызметкерлерді жетістіру жөнінде де облыстың мықты жәрдемі керек. Мұнда тек бар болғаны бір-екіден ғана қызметкерлер бар. Бүтін ауданда бірде-бір агроном, техник, мал дәрігері жоқ. Ал, бухгалтерлер мен есепші қызметкерлердің ішінде шала сауаттылары толып жатыр». Міне, аудан халқының экономикасы мен мәдениетінің жайы бұл кезде осындай еді. Жерге орналасып, орныққанымен колхоз шаруашылығы, халықтың әл-ауқаты әлі төмен болатын. Осы мешеуліктен құтқарып, аудан еңсесін көтеру үшін Ораз Жандосов басқарған өлкелік комиссия аудан басшыларымен тізе қоса отырып, көптеген ұйымдастырушылық жұмыстарын жүргізді.Қайраткердің қажырлы еңбегі өз жемісін берді де. Ораз Жандосовтың осы мақаласы жарық көргеннен кейін он күн өткен соң «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 10 маусымдағы нөмірінде «Сарысу ауданының саяси-шаруашылық күйі туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық комитеті бюросының 1933 жылғы 23 мамырдағы қаулысы жарияланды. Қаулыда басынан аяғына дейін ауданның шаруашылығын көтеру үшін Ораз Жандосовтың мақаласында айтылған ұсыныс-пікірлер қуатталып, ауданға жан-жақты көмек берудің нақты шаралары белгіленген. Осы қаулыда Сарысудың жағдайын көтеру үшін мынандай шаралар белгіленді: «Көшпелі халықты көшпенділіктен тоқтатып, Талас ауданының жеріне орналастыру, 1933 жылдың көктемінде егіс егуді ұйымдастыру, өлкелік партия комитетінің 5 наурыздағы қаулысы бойынша Сарысу ауданы Оңтүстік Қазақстан облысында қалды деп саналды.

Ауданның негізгі бағыты – мал шаруашылығы болып белгіленді.Сарысу ауданының орталығы Саудакент қыстағы болып, Талас өңірінен осы елге бұрыннан орналасқан 7,8,9-ауылдық кеңестер, Созақ ауданынан Ақжар, Құмкент, Бабаата ауылдары кірді. Аудан халқын жерге қоныстандыру үшін облыстық жер бөліміне арнайы комиссия ұйымдастыру тапсырылды. Комиссия Сарысу ауданының жер жағдайын, өсімдік, қыратты жерлерін, техникалық жағдайын, Байқадам, Ақжар, Құмкент, Бабаата және Көсегенің Көкжоны секілді жерлерді, Жаманқұл даласынан Кентаралға дейін Шу өзенінің аңғарларын зерттеуге тиіс болды. Жерге қоныстандыру жоспарына бұрынғы көшпелі Сарысу ауданынан басқа аудандарға көшіп барып отырған шаруалардың, сондай-ақ, Талас, Созақ аудандарына көшкен шаруаларды қайтару ескертілді. Ауданды қоныстандырып, нығайту үшін бірталай шаралар белгіленді. Ең алдымен қой, түйе, жылқы малдарын өсіріп, өркендету басты мақсат болды. Осы мақсатпен Сарысу ауданында 2 мың қой, 200 сиыр, 200 ат, 100 түйе өсірілді.

Бұған халықтың өздері сатып алған малдары қосылды. Шабақты және басқа өзен-көлдерді буып, тоған жасап, егін, көпжылдық шөп егуді ұйымдастыру, машина-пішен станциясын ашып, аудандық су бөлімін құру мәселелері шешіледі. Әулиеата, Ойық, Үшарал, Байқадам арасында телефон, телеграф желілерін тартып, Әулиеата, Ақкөл, Байқадам арасында пошта қатынастарын жүргізеді.1934-1935 жылдары аудан, колхоз орталықтарынан құрылыстар, үйлер салып, елді қоныстандыру, бұрынғы кооператив сауда орталықтарының борыштар болып қалуы себепті кооператив орындарын қайта, жаңа баланспен құру ұсынылды.

Сауатсыздықты жою мақсатында Байқадамда жеті жылдық мектеп ашып, мектепті ысылған мұғалімдермен қамтамасыз ету облыстық оқу бөліміне, дәрігерлік көмек көрсету, жұқпалы сүзек ауруларымен, шешек ауруларымен күресу облыстық денсаулық сақтау бөліміне жүктелді. Ауданға азық-түлік жәрдем маусым айында 2 мың пұт, шілдеде 1 мың пұт болып белгіленді. Бүгінде мұның бәрі бір ғана адамның қажырлы еңбегі мен табандылығының арқасында іске асты деуге сену қиын. Әйтсе де, бұл сол кезеңдегі ұлт қайраткерлері мен елдің қаймағы саналған азаматтардың Кеңестік билік алдындағы абырой-беделінің биік болғандығын танытса керек. Бұл ретте ұлт зиялыларының азаматтық позициясы мен принциптері де берік болғандығы сөзсіз.

 

Майлыбай СМАҒҰЛОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.