Жаңалықтар

Биыл егін бітік шықты

Қазір ала жаздай тер төгіп, Жер-Ана төсінде еңбек еткен шаруалардың жұмысы қызған шағы. Егін ору науқанымен қатар, күзгі тұқым себу және келер көктемге жерді дайындау жұмыстары қарбаласып жатыр. Даладағы дүбір Т.Рысқұлов ауданында қалай жүріп жатқанын сұрап, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиевтен мән-жайды сұрадық.

Биыл бұл ауданда күзгі далалық жұмыстар барысында 58287 гектар күздік бидай тұқымы себіліп, жоспар 102,08 пайызға орындалған. Сүдігер 75950 гектар алқапқа дайындалып, жоспар 100 пайызға жүзеге асыпты.

Егін шаруашылығында тұқымның сапасы маңызды рөл атқарады. Себілген тұқымның да, одан алынған өнімнің де көлемі сапасы болмаса, желге ұшқанмен тең. Жоғарыда көрсетілген егіндіктің тұқым сапасын сұрағанымызда, 35 тонна супер элита, 470 тонна элита, 1750 тонна 1-ші репродукциялы, 3574 тонна ІІ-ші репродукциялы, 4256 тонна ІІІ-ші репродукциялы тұқымдар себілгенін білдік. Аудандық тұқым зертханасына тұқымдарының шығымдылығын тексертпей сеппеу керектігі шаруашылықтарға қатаң ескертіліпті.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы аясында 2024 жылға «Аграрлық Кредиттік Корпорациясы» акционерлік қоғамы және аудандық несие серіктестіктері арқылы Т.Рысқұлов ауданы бойынша 13 ауыл шаруашылығы құрылымдарына 363 миллион теңге несие берілген. «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша 8 шаруа қожалық 314,850 миллион теңге несиеге өтінім беріп, мемлекет тарапынан қаржыландырылды, – деген Темірғали Биғазиев орылған егіннің сақталу орындарын да мәлімдеді.

Ауданда механикаландырылған 34 ток және 18 асфальтталған астық қырманы жұмыс істейді. Сыйымдылығы 30 мың тонналық Малдыбай ауылындағы «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігіндегі механикаландырылған астық қабылдау пункті және сыйымдылығы әр түрлі 82 астық қоймалары биылғы астықты қабылдап жатыр.

Егістік басында жылжымалы дала қостары, су тасушы, өртке қарсы соқалы тракторлар, атты қарауылдар және қызметші жеңіл автокөліктер дайындалған. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан аймақтағы дәнді-дақыл еккен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне егілген дақылдардың айналасын өртке қарсы 4 метрлік жолақ айдау, барлық егін комбайндарында, науқанға қатысатын көліктерде, дала қостарында өрт сөндіргіш құралдарының болуы, соқалы тракторлардың, су тасығыш көліктердің дайын болуы туралы хабарланған. Ауыл округі әкімдеріне назарда ұстау ескертілген.

Қазіргі уақытта Т.Рысқұлов ауданында 57509 гектар бидай, 52600 гектар арпа дақылы орылған. Егін ору науқанында 160 егін орағы комбайны жұмыс істеп тұр. Бір комбайнға орташа жүктеме 693 гектардан келеді. Одан басқа әртүрлі маркадағы 80 доңғалақты трактор, 169 автокөлік, 42 су таситын көлік қатысуда. Зертхана мен шаруашылық мамандарының болжамынша, күздік бидайдың әр гектарынан 16 центнерден, арпаның әр гектарынан 14 центнерден өнім жиналуда. Жалпы, қамбаға 166 мың тонна астық бастырылады деп күтілуде.

 

Т.Рысқұлов ауданы

Қамар ҚАРАСАЕВА