Аймақ

Таудай талап табысқа жеткізеді

Ел ішінде айтылатын Бауыржан Момышұлының «Нағыз батыр – қыз баласы» деген сөзіне лайық аруларды көргенде, жаның жадырайды. Батыр атамыз «...өзге елге кетіп, танымайтын ортаға барып сіңіп, сол әулетті көркейтіп, өмір майданында шынығады. Сөйте жүріп көптің көңілін тауып, баланы да туып, екі елді туыс қылады, сыйлата да алады. Тіпті мен болсам бір елде бір сағат та тұра алмас едім, ал қыз баласы ол жақта мәңгі қалады» дегеніндей, ақ босағасынан аттаған жұртының өрісін кеңейтіп отырған батыр ананың бірі Луговой ауылының тұрғыны Марина Құрбанбаева. Бүгінде ол жеті баланың анасы, бұйыртса сегізінші бөбегін күтіп жүр. Көпбалалы ана атына лайық жауапкершілікті арқалай жүріп, ол жеке кәсіпкерлігін дамытып отырған іскер әйел.

Алғашқыда жеке кәсіпкерлікті күйеуі Ақылбектің құмблок құю ісімен ашқан екен. Құжаттарды рәсімдеумен өзі айналысқан Марина ол кезде ауылдағы балабақшада іс жүргізуші болып қызмет етіпті.

Осыдан үш жыл бұрын ашқан жеке кәсіпкерліктерін кеңейтіп, қазір мемлекеттік сатып алуға қатысып, мекемелерге қажетті қызмет көрсетумен де айналысып жүр. Сонымен қатар, бірлесіп жұмыс істейтін дүкендеріне тауар жеткізіп беру арқылы сауда-саттықта да бағын сынап жүрген іскер ана алдағы уақытта әлеуметтік кәсіпкерлікті қолға алмақшы.

Тәуекелшіл кәсіпкер өзінің іскерлік қабілетін әр салада сынап көріп, табыстың тетігін табуға ұмтылғаны қуантады. Биыл мал шаруашылығымен де шұғылдануды бастаған. Қымыз өндіру үшін жылқы бағып, ет бағытында қой өсіріп отыр. Олардың өнімін өткізетін тұрақты тұтынушылармен келісім жасасқан. Еңбекқорлығымен ауданның екі қолға бір күрек іздеген тұрғындарын да жұмыспен қамтып жүрген ол отбасында ана. Қазір сегізінші сәбиін күтіп жүрген ерекше жағдайына қарамастан әлі де ізденіс үстінде.

Қазіргі уақытта Марина Құрбанбаева құжаттарды рәсімдеу ісіне көмектесу үшін үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның пікірінше «жұмыс жоқ» деген жалқаулыққа жетелейтін сылтау ғана. Адамда ниет болса, шағын ауылдан да нәпақа табар жұмыс болады. «Барлық адамның бойында бір іске деген қабілет болатыны сөзсіз. Тек соны дамытып, еңбектенсе, жұмыссыздық та, кедейшілік те орын алмайды» дейді кәсіпкер ана. Өзі де жеке кәсіпкерлікті декреттік демалыста отырғанында бастапты. Тұрақты жалақы алып отырған жұмысынан бала күтіміне байланысты уақытша босағанында оның да ойында «жұмыссыз қалдым, енді табыс қайдан келеді?» деген қорқыныш болыпты. Сол ой оны іскерлікке жетелеген. Қиындықтар адамды уайымға салу үшін емес, қамшылап, жаңа қырын ашу үшін берілетініне тағы да көзіміз жетті. Сынға салатын уақытша сәтсіздіктерге мойымаған адам алға жаңа қадам басып, табыскерлікке жетері анық. Біз мұның дәлелін Алтын алқалы ана, кәсіпкер Марина Қармысқызының қазіргі 33 жасына дейін жүріп өткен жолына қарап, көз жеткіздік. Сондай-ақ, оның бойында кездескеннің бәрінен ұтымды жол таба білетін сұңғылалық та бар. Олай дейтініміз – бүгінгі техника заманындағы әлеуметтік желіні бос қарап ғана қоймай, кәсібінің қанат жаюына қолданады. Ал, балалары тәрбиеленетін балабақшалардағы қайырымдылық акцияларына қатысып, бүлдіршіндерге мерекелік сыйлықтар тарту ете отырып, өзге балдырғандардың жағдайын саралап, қолдан келгенінше көмектесуге талпынады. Ол өмірді адамдарға бақытқа жету үшін берілген үлкен мүмкіндік деп бағалайды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы