Нақты істерге бағыт-бағдар берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жариялаған дәстүрлі Жолдауын тыңдадық. «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын бұл Жолдауда еліміз үшін маңызды көптеген мәселелер көтерілді. Алда атқарылуы тиіс жұмыстардың бағыттары айқын көрсетілді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – ең басты мұрат екенін, сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатқандығын жеткізді. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы көлемі 300 миллиардтан астам теңге аударылды» – деген Мемлекет басшысы қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалатындығын атап өтті.
Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарғандығын, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатқандығын айтып, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатындығын жеткізді.
Мемлекетіміздің экономикадағы тікелей үлесі, өңірлердегі инвестициялық ахуал, салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру, тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктерін толық пайдалану, мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз ету, банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау, бюджетаралық қарым-қатынасты ретке келтіру, ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылымдарды құру жөніндегі мәселелерге бағыт-бағдар берілді.
Президент Жолдауда сонымен қатар ұлт саулығы, ауылшаруашылық саласын дамытудағы маңызды мәселелер, ирригация жүйелері және су шаруашылығы сияқты өзекті тақырыптарға кеңінен тоқталды. Көктемдегі алапат тасқын бүкіл еліміз үшін үлкен сынақ болғанын Президент айтып өтті. Мемлекет басшысының пайымдауынша, сол қиын күндерде біз ынтымағы жарасқан ел екенімізді көрсеттік. Қазақстанның әр аймағынан жиналған еріктілер мен жанашыр азаматтар зардап шеккен жұртқа көмек қолын созды. Ел бірлігін сақтауда, мемлекетіміздің даму жолында Жолдаудан туындайтын осы және өзге де маңызды мәселелерді жүзеге асыру мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүріп жатқан әрбіріміздің міндетіміз деп білемін.
Айтолқын СЕРІКҚЫЗЫ,
Талас ауданы әкімінің орынбасары.