Маман дайындау ісі мектептен басталады
Еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуында еңбек нарығын білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндеттердің бірі. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өтті. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажеттігін баса айтқан Президент бұл бағытта мемлекеттік тапсырысты арттыру қажеттігін жеткізіп, маман дайындау ісінде білім беру жүйесінің маңыздылығына тоқталды.
«Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады. Осы ретте грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс»,– деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеріп, кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында келер жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп атауды ұсынған Президент кадрлық саясатта орта білім беру жүйесі жетекші рөл атқаратындығын баса айтты. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ал, облыста аталған жоба аясында 12 мектеп салу көзделіп отыр. Оның ішінде 6 мектеп биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, 96 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталса, 10 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. Бұдан бөлек, білім беру мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 1,9 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бұл өз кезегінде мектептердің жұмысын жақсартып, оқушыларға жайлы орта қалыптастыратыны сөзсіз. Халқымызда «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген сөз бар. Сондықтан мұғалімдердің біліктілігін арттырып, әлеуметтік мәртебесін көтеру мәселесі ешқашан күн тәртібінен түспек емес. Бұл тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек», – деді Президент.
Жалпы, ұстаздар қауымына соңғы жылдары көрсетілген мемлекеттік қолдаулар саны артып келеді. Мұның бәрі өз кезегінде еліміздің білім жүйесін дамытудағы нақты қадамдардың бірі болмақ. Себебі, Әділетті Қазақстанға адал маман дайындау ісі мектептен бастау алады.
Ерұлан МАҒЗЫМБЕКОВ,
облыстық мәслихат депутаты.