Қатаң тәртіп қана түзейді
Кім білген, әр жерден жаға ұстататын оқыс жағдайларды көріп, естіген сайын жаның ауырады.
Ұзақ жылдар бойы қоғам ішін жайлап, сыбайлас жемқорлық пен ауыз жаласқан қылмыстық әрекет-амалдар ұя салып алғанын жұрт сезіп, білсе де аузын аша алмады. Айтса да құлаққа ілмеді. Тыңдай қоймады. Елдің сөзін айтуды парыз санаған қайраткер адамдардың өзін сол ескі жүйе шабармандары жеккөрінішті еткені өтірік емес.
Сондықтан да қарапайым халық үшін әділетті, заң үстемдігі мүлтіксіз сақталған қоғам ақиқаты бәрінен де қымбат.
Әділетті Қазақстан құру жолында қоғамның ашық дамуына кедергі келтіріп, адамдардың сеніміне қаяу түсірген кесір-кесапаттардың тамырын жойып, қылмысқа қарсы күресті түбегейлі жолға қоюдың елдік, бұқаралық және мемлекеттік маңызы зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кеше болған Қазақстан халқына Жолдауында бұл бағыттағы берік ұстаным мен қағидаттардың нақты және айнымас қалпында терең екеніне куә болып отырмыз.
Халық бәрін көріп отыр. Тіршіліктің оңы мен солын, қатпар-қатпар қарекеттердің беталысын да бағамдап, бағалап келеді.
Ел ішінде ең үлкен талап-тілекті жеткізсек, ол – ертеректен бері жалғасқан жалған ақпаратпен, өтірік есеп, мәліметтерді қағаз жүзінде судыратып, қызыл сөзбен қарық қылатын қалыпты бұзып, шындыққа ғана жүгінуді біржолата, темірдей тәртіппен қайта жолға қою еді.
Халықтың қабағына қарап кесімді, шешімді сөз айту да ақылды адамның қолынан келетін іс.
Ел Президентінің өркенді даму бағытындағы стратегиясының қоғамның толық қолдауына ие болуының мәні – ілгерілеу жолында барлық ой-түжырымдарды негіздеп, ашық мәлімдеуі дер едік.
Біз Қазақстанның ауыл шаруашылығын жан-жақты дамытып, халықты отандық азық-түлікпен толық қамтамасыз етуге де, экспортқа шығаруға да мүмкіндігі мол, жеткілікті деп санаймыз. Мемлекеттік қолдау да жыл сайын арта түсуде. Миллиондаған, миллиардтаған қаржы бөлінеді. Егінжайға да, мал өсіруге де, көкөніс егуге де, тұқым шаруашылығына да, құдық қазуға да, техникалар сатып алуға да.
Соған қарамастан, кейбірде бұл саладағы жұмыстардың нәтижесі мен жетістіктері жайында сын өте көп айтылады.
Неге?
Себебі, бізде білетін мамандар мен шаруа қожалықтарының жетекшілерінің пікірінше, өңірлерде жалған ақпарат пен көзбояушылық әлі де орын алуда, дерек-дәйектің шындығын айқындауға жергілікті органдардың бәрі бірдей ықыласты емес, олар жауапкершіліктен басын алып қашатын сияқты.
Бұл тұрғыда жасаған теріс ісіне қарай қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазаланып жатқандар да аз емес. Бірақ, лас дүниені тазарту оңай соқпайды, бір ғана шарт – барлық деңгейде қадағалау мен бақылауды күшейту, әрі қатайту керек болып тұр.
Жолдауда айтылғанындай, мәселен, арнайы тексеру комиссиялары ауыл шаруашылығында 2 миллион ірі қара мен 3 миллион ұсақ малдың жоқ екенін анықтаған.
Бұл бәлкім, бер жағындағы цифр болар дейді қоғамдық пікір. Ауыл шаруашылығы секторында әбден шыланған көзбояушылықтың бір беті ашылды. Қылмыстық, тәртіпсіз әрекеттермен жымдасып кеткені аңғарылатын жағдай. Енді бұл мәселенің анық-қанығын анықтап, қатаң тексеруге тапсырма берілді.
Кейбір өңірде ашық ақпарат көздерінде келтірілгеніндей, сан жүз мал басының жалған болып, егістікте жүздеген мың гектар (130 мың га) жердің қағаз жүзінде ғана тіркелгені анықталған. Егістікте жұмыс істеп жүр делінетін техниканың да тең жартысы баяғыда ескіріп, істен шыққан.
Бұл былық-шылықтың төркіні түпсіз дейтіндей, уақыты келгенде әр нәрсенің жауапкершілігі сұралатыны белгілі емес пе? Былай қарасаң, көзбояушылық «жылдам жеңіске жеткізеді», бірақ тағдыры қысқа, арты шала. Екі жұмыс, есіл уақыт. Берекесі жоқ, рәтін көрмейтін арамдық. Мемлекет субсидиясының да мақсатсыз жұмсалғанын білдірмей ме? Қайтарымы қайда демей ме?
Бұдан шығатын қорытынды: қай салада болмасын, оның ішінде әңгімесі көп ауыл шаруашылығы саласында жалған ақпаратпен жүйелі түрде күресу керек.
Бұл жөнінде вице-премьер С.Жұманғарин Жолдауда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға байланысты арнайы жиын өткізіп, қандай іс-шараларды жүзеге асыратынын нақты айтты.
Жалған ақпараттың көкесі өсімдік шаруашылығында да, сүт өндіруде де орын алған. Астық көлемі туралы да сөз көп…
Статистикада сан басқа. Көзбояушылық жеке қожалықтар мен ірі ұжымдарда да жетерлік.
Енді мұны… Қатаң тәртіпті орнату ғана кемшілікті түзейді. Сол күткен тәртіпті жолға қоя білетін, ауыл шаруашылығы саласының жұмысын терең пайымдай алатын, мемлекеттік іске мығым, ұстанымы берік, турашыл, батыл қимылдайтын адал кадрларды табу керек. Орталық жақтан да білек сыбанып жұмыс істеуге даяр мамандарды тиісті өңірлерге жіберу қажеттігі туындап тұр.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.