Саясат

Еңбек ескерусіз қалмайды

Ғұмыр бойы еңбек ете жүріп, туған халқының рухани толысуына сүбелі үлес қосып келе жатқан Бағлан Жиенәліұлының өрелі істері көпке үлгі. Міне, бүгін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иесі, Мойынқұм, Меркі, Шу, Жуалы аудандарының және Жамбыл облысының Құрметті азаматы Бағлан Қарашолақов мерейлі 75 жасқа толып отыр.

Бағлан Қарашолақов 1949 жылы 7 қыркүйекте Мойынқұм ауданы, сол кездегі Жамбыл совхозының екінші бөлімшесінде дүниеге келген. Бастауыш сыныпты сол ауылда бітіріп, кейін әкесінің Қаратауда тұратын туған әпкесінің баласы Тұрғынбек Бекежановтың үйінде жатып, мектепті бітіреді. Ол кезде бұл қаланы Шолақтау деп атайтын. Қазіргі Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия ол кездері Сталин атындағы орта мектеп болатын.

Одан кейін Жамбыл қаласындағы есеп- санақ техникумына түсіп, оны 1968 жылы экономист-бухгалтер мамандығы бойынша тәмамдайды. Оқуын жақсы аяқтап ауылға қайта оралған ол Тұрғынбек ағасының ақыл- кеңесімен құрылысшы болуға бекініп, еңбек жолын бригадир-шебер болып бастайды. Жас маман жұмысын ұршықтай иіріп, осы саладағы сан қырлы тірліктің тетігін тауып, іскерлігімен елге танылады.

Еңбектен қол үзбей жүріп Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтының «Өнеркәсіп және азаматтық құрылыс» факультетін құрылысшы-инженер мамандығы бойынша бітіреді. Туып-өскен ауылында прораб қызметін жалғап, құрылыста құрыштай шынығып, осы салада салмақты ісімен көрініп, лайықты қолтаңба қалдырғаны елдің көз алдында. Бұл қызмет аудандағы №2006 жылжымалы механикаландырылған колоннаға ауысуына жол ашты. Осында инженерлік қызметтің тізгінін үш жылға жуық ұстады. Құрылыста ысылған алғыр жігітті аудан басшысы А.Назарбеков шақырып, «Главриссовхозстрой» мекемесінің Мойынқұм ауданындағы №45 жылжымалы механикаландырылған колоннасына басшы етіп жіберді. Мұнда қызмет еткен үш жылдың көлемінде ауданда талай игі істер жүзеге асырылды. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы алқаптарын ылғалдандыруға арналған жер каналдар қазылып, су жүйелеріне бетон науалар орнатылды. Сонымен қатар, сол кездегі үлкен құрылыс саналған Фурманов гидрожелісін салып, іске қосты. Бұл құрылыстың құны кеңес дәуіріндегі бағамен 1,5 миллион сомды құрады. Шу ауданындағы Чкалов атындағы кеңшардың 1800 гектар алқабына су жеткізіп, жаңа гидрожүйе салып берді. Бағлан Жиенәліұлы басқарған ұжым 1984 жылы министрлік пен облыстық партия комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды.

Табанды еңбегімен көзге түскен жас маманды аудан басшысы А.Назарбеков қайта шақырып алып, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары етіп тағайындады. Бағлан Қарашолақов бұл қызметті де үлкен жауапкершілікпен атқарып, абырой-беделі ел ішінде арта түсті. Осыдан кейін облыс басшысы Әнуар Жақыпов оны 1985 жылы өңірдегі ең ірі шаруашылық Ж.Қуанышбаев атындағы кеңшарды басқаруға жіберді. Сөйтіп ол 10 мың мүйізді ірі қарасы, 30 мың қойы, 1500 жылқысы, 500 түйесі, 2 мың гектар суармалы алқабы бар кеңшардың жұмысын бірден үйіріп әкетті. Бұл әлеуеті жоғары кеңшарда мыңға жуық адам еңбек ететін. Үш мың мүйізді ірі қараны бордақылап, жыл сайын мемлекетке мың тоннадан астам ет өткізіп, қыруар пайдаға қол жеткізіп отырды. Өзі басқарған ұжымды жеті жылда облыстағы алдыңғы қатардағы шаруашылық деңгейіне көтерді.

Осы еңбектерінің арқасы, туған өлке халқының сенімімен 1992 жылдың ақпан айында Мойынқұм ауданының әкімі болып тағайындалды. Сонда да бір айта кететін жайт, өтпелі кезеңнің ауыртпалығы, қоғамдық-әлеуметтік мемлекет деңгейіндегі саяси өзгерістер өз қиыншылықтарын ала келгені белгілі. Сол уақыттағы жұмысшы- қызметкерлер және зейнеткерлердің айлап жалақы, зейнетақысын алмауы, өндірістік кен орындары аймақтарының жұмыстарының ыдырап берекесі қашып тұрған кездері еді. Осы аталған қиыншылықтардың бәрін еңсере отырып бар-жоғы екі жылдың көлемінде ауданның шаруашылық-өндірістік тыныс- тіршілігін бірқалыпты жағдайға келтірді.

Облыстық тәртіптік кеңестің төрағасы қызметін атқарған кезеңдердің айшықты беттері де аз емес. Мемлекеттік қызметкерлердің адал қызмет атқарып, теріс әрекеттерін болдырмау жолында парасатпен, үлкен кісілік қасиеттерімен көрінгенін айта кеткен жөн. Бағлан Қарашолақов 2012 жылы Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы болып сайланғанға дейін Шу, Меркі және Жуалы аудандарының әкімі болып қызмет атқарды. Басшылық тізгінін ұстаған осы жылдар ел-жұртының жүрегіне жаққан, жарқырай көрінген өз өмірінің елеулі кезеңдері болып қалатындығы айдан анық.

«Көргені жақсы көш бастайды» деген халқымызда нақыл сөз бар. Сенім биігінен көрінген азамат әлі де аттан түскен жоқ. Бүгінде «Жамбыл облысы Кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігін басқаруда.

Жұртының жүрегін нұрландырып, еліне сәулесін түсірген еңбектің ерен тұлғасы жайлы айтылар әңгіме таусылмақ емес. Талай игілікті шаруаның иінін келтіріп, туып-өскен аймағына бас болып, жүрер жолын ажарлы да аппақ етіп келе жатқан жампоз азаматтың туған жеріне ту тіккенін айту парыз.

1994 жылы қиындықтар арқаға батқан мезгілде ел қорғаны болған Ақеділұлы Биназар батырдың жатқан жерін ретке келтіріп, еңселі кесене тұрғызып, 190 жылдығын өз деңгейінде атап өтіп, жалпақ жұртының алғысына бөленді. Әрине, батыр тойы ең алдымен халықтың ыстық ықыласымен, күш-жігерімен, ауызбіршілігімен өтті. Бірақ көпшіліктің ойын орнымен ескеру, игі істерге бастамашы болу, жоқтан бар жасау, мойынқұмдықтардың тілек-ниетін бір арнаға тоғыстыра білу, сөйтіп бұл салтанаттың жоғары дәрежеде орайын оңынан келтіру сол жылдары оңайға соқпаған еді. Бірақ ол Б.Қарашолақовтың қолынан келді. Сол кезде дүйім жұртқа ас берілгені, ақындар айтысы, ат бәйгесі және палуандар белдесуі болғаны елдің есінде.

Туған жер дегенде жүрегі езіліп тұратын азаматтың бұл өңірде еңсерген істері жетіп- артылады. Мойынқұм ауданы 1964 жылы Шу ауданынан бөлініп шыққаны белгілі. Елдің көңіл-күйін қабағынан аңғаратын іскер басшы 1995 жылы ауданның 30 жылдығын және атақты шопан Ж.Қуанышбаевтың 100 жылдығын қатар атап өтуге бел буады. Уақтылы жалақы берілмей жатқан қиын заманда мұндай жиын өткізу кім-кімге болмасын ауыр соғатындығы айдан анық. Бағлан Жиенәліұлы соған қарамастан тәуекел етіп, Тұлпарсаз жайлауында 50 киіз үй тігіп, дүбірлетіп той өткізді. От ауызды, орақ тілді ақын әрі шешен Қылышбайдың рухына құрмет көрсетіліп, туған жеріне ескерткіш- белгі орнатылды. Қазір ауданда бір көше Ж.Қуанышбаев есімімен, екінші көше «30 жылдық көшесі» деп аталады.

Мойынқұмдықтар сонау тоқырау кезеңінің өзінде жол бойындағы жиделердің діңгегін ақтатып, ауыл-аймақты қоқыстан тазартып тұратын әкімнің талапшылдығын әлі күнге дейін айтып отырады. Кезінде «жұрт жұмыс таппай жүргенде той жасады» деп кінә артқандардың өзі екі тікұшақпен 10 мың құттықтау парақшаларын шашып, демеушілерді тартып, бас жүлдеге жеңіл автокөлік қойып, бәйге өткізген тойды осы күнге дейін тамсанып еске алады. Қиын кезеңде жұрттың рухани еңсесі көтерілсін деген мақсатпен қолға алған бұл игілікті іс өз жемісін бергені даусыз.

Аудан орталығында облыс бойынша алғашқылардың бірі болып Алланың үйі – көрнекі мешіттің ашылуы да әкімнің күш- жігерімен жүзеге асқандығын айтсақ та жеткілікті.

2001 жылы Меркі ауданына басшылыққа келгенде бұл өңірдің жағдайы анау айтқандай жақсы болмады. Тәртіптік кеңесте жұмыс істеген жылдары Меркіден арыз-шағым көп түсетін. Сол арыздардың ақ-қарасын анықтау үшін қаншама тер төгілді. Енді, міне ахуалды жақсартудың талай амалдарын қарастырып, икемді іс-шаралар атқаруға тура келді.

Облыстың сол кездегі басшысы Серік Үмбетов Меркіге келіп, ауданда абаттандыру бойынша облыстық семинар өткізу жөнінде ұсыныс тастайды. Бұл семинар жұрт көкейінен шығатындай деңгейде өтті. Ха лықты ұйыстыратын жиынның тағылымды тұстары аз болған жоқ.

Меркі қант зауыты жайында да көп әңгіме айтылатын. Бұл кәсіпорын жұмысын тоқтатқан соң, ауыл тұрғындары өз нәпақасынан шеттеп қалған болатын. Аудан басшысы осы іске тікелей араласып, түрлі деңгейдегі мекемелерге атбасын бұрып, тіпті, Тұңғыш Президентке дейін жол тауып, бұл мәселені шеше білді. 2003 жылы қант зауыты іске қосылды. 500-ге жуық жұмыс орны ашылды. Қызылша өсірумен кезінде аты шыққан аудан байырғы кәсібіне қайта оралып, тәтті түбір алқаптарының аумағы жыл сайын арттыра түсті. Ауданның кіреберісінде үлкен қақпа орнату мәселесін тікелей қолға алды. Қаржы тапшылығына қарамастан оны ойдағыдай жүзеге асырды.

Бағлан Жиенәліұлы қай ауданды басқарса да, қазақтың алтын қазығы – ауылдарды көркейту жұмыстарын еш тоқтатқан емес. Шу ауданына әкім болып барған кезде де ауданда су қоймасын жөндеу жұмыстарын жүргізді. Көптеген каналдарды тазартып, су жетпей қалған егістік алқаптарына су жеткізуге күш салды. Оны да ретке келтірді. Қаланың ішін, 32 километрді құрайтын көше бойын жарықтандырды. Шу қаласындағы Мәдениет үйін жөндеуге демеушілер тауып, іске қосты. Балабақшалар салуға мұрындық болып, мектептерді уақтылы орта жөндеуден өткізді.

Киелі Жуалы жері де Бағлан Жиенәліұлы үшін салиқалы істер тындырып, байыпты байламдар жасаған мекендердің бірі саналады. Осында әкім болған жылдары облыстың сол кездегі басшысы Қанат Бозымбаев өзіне шақырып, аса жауапты міндет жүктейді. Ол аты аңызға айналған қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдығын лайықты атап өту болатын. 2010 жылы батырдың мерейтойын өткізу жамбылдықтарға жүктелген еді. Осынау аса жауапты кезең биігінен көріну үшін Бағлан Қарашолақов белін буып, жатпай- тұрмай тер төкті. Батыр дүниеге келген ауыл- аймақты қалпына келтіріп, көрікті де көркем өңірге айналдыру үшін қыруар қаржы қажет болатын. Облыс басшысы да көмек қолын созып, тиісті қаржының жартысын тауып берді. Қалғанын демеушілерді тарта отырып, ел-жұрт болып жұмылып атқаруға тура келді. Істің басы-қасында жүрген Бағлан Жиенәліұлы өзінің іскерлігінің арқасында бұл мекенді керемет безендіріп, жұртқа ұялмайтындай, тамсанып жүретіндей тойдың ғажап үлгісін көрсетті.

Міне, осындай төрт бірдей ауданды басқарған азаматқа 2012 жылы жуалылықтар біркісідей дауыс беріп, облыстық мәслихаттың депутаты етіп сайлады. Ал, халық сенім білдірген депутаттар Б.Қарашолақовты облыстық мәслихаттың хатшылығына сайлады. Ол бұл қызметті де үлкен абыроймен атқарды.

Бүгінде 75 деген қариялық жасқа жеткен ел азаматының сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, төрт ауданның және Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанған Бағлан Жиенәліұлы бірнеше орден-медальдармен де марапатталды. Сол марапатт ардың ішінде Қазақст ан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл, Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл, Қазақстан Республикасы Мәслихаттарына 20 жыл мерекелік медальдары да бар.

Азаматтың бір қанатында сенімді серігі болып, дем беріп, күш-жігер қо сатын, сынақтарда сынып кетпеу үшін алға бастайтын адал жары тұратындығы анық. Өмірлік жары Ермекбайқызы Зиядамен отау құрып, шаңырақ көтерген жылдарының жарқын да шуақты шақтары мол болғаны сөзсіз. Күндіз-түні ат үстінде жүрген отбасы иесінің алаңсыз жұмыс істеуіне барынша жағдай жасап, Құдай қосқан қосағын аялай баптап, биіктерге талмай самғай беруіне ықылас-пейілін арнады. Ошағының отын маздатып, берекелі шаңыраққа жылулық сыйлады. Осыдан бірер жыл бұрын бұ дүниедегі дәм-тұзы таусылып, бақилыққа аттанып кетті.

Екеуі бір ұл, төрт қызды тәрбиелеп өсіріп, олардан немере, шөберелер сүйіп отыр. Жаратқанның адамзат баласына берген аманаты ұрпақ өсіру болса, сол ұрпағымен көгеріп, өсіп- өркендеп, уыздай ұйыған отбасының алтын діңгегіне айналғаны бір Аллаға аян.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ