Әлеумет

Тіл жанашырлары марапатталды

5-қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің ғимаратында салтанатты іс-шара өтті.

Жиын басталар алдында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов бастаған зиялы қауым «Тіл – ұлт қазынасы» атты сауаттылық курстарынан және ағылшын тілін жылдам игеруге арналған үздік сабақтар барысынан хабардар болды. Сондай-ақ, өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқының ұлттық тағамдары ет, құрт, бауырсақ, қымыз, қазыны қалай құрметтейтінінің куәсі болдық. Мәселен, орыс ұлтының өкілі Яна Агшуллина: «Қазақ халқының тілін де, дәстүрін де, ұлттық тағамдарын да құрметтейміз. Дастарқанымызға бауырсақ пен құрт қойып, қазақы киіз үйлерден сәті келгенде қымыз ішіп тұрамыз» деп таза қазақ тілінде сөйлеп, құрметін білдірді. Келесі сәтте өзге ұлт өкілдерінің оқушы балалары мемлекеттік тілде өлең шумақтарын жатқа айтты. Олардың арасынан кәріс ұлтының қызы Анель Игорь мен орыс ұлтынан Артем Викторовичті айтып өтуге болады.

Ерекше айта кететін нәрсе, бірқатар балабақшаларда ұлттық негізде балалардың ұғымына жеңіл ойын түрлері шығып жатыр екен. Мәселен, №7 балабақшаның меңгерушісі Гүлмира Айтқұлова мен тәрбиеші Мөлдір Абдуллаева бірігіп жасаған «Бәйге» ұлттық ойынын облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов бастаған тіл жанашырлары ойнап, жақсы баға берді. Сонымен қатар, ұлттық негіздегі «Құмыра», «Төрт түлік» ойындарының да авторлары педагог мамандар. Аталған ойындардың дамуына қолдау білдіріп жүрген М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Ырысты Керімбаева екен. Ол кісінің өзі де «Ұлттық оюлар иірімі» атты ұлттық ойынның авторы. Бұл ұлттық ойындардың бүлдіршіндерге берер тағылымы да, олардың қимыл-қозғалысын дамытуға да әсері мол.

Аталған іс-шара мерекеге арналған бейнекөрсетіліммен басталып, тіл жанашырларының ерен еңбегі кеңінен айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов жиналған көпшілікті Қазақстан халқы тілдері күні мерекесімен құттықтады. Ол: «Бүгінгі күн – ерекше күн. Бұл мерекенің тіл саласының негізін қалаушы ғалым, ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен бірге аталуының өзіндік мәні бар. Себебі, қасиетті қазақ тілінің өркендеуімен Ахмет Байтұрсынұлын бөліп қарастыруға болмайды. Тіл саласын дамытуда өңірімізде де қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен, облысымызда балабақшаға баратын бүлдіршіндердің 85, мектеп оқушыларының 70 пайызы қазақ тілінде тәрбиеленіп, қазақ тілінде білім алып келеді. Мемлекеттік тілде сөйлейтіндер 93,6 пайызды құраса, этнос өкілдерінің 70 пайызы қазақ тілінде сөйлей алады. Тіл үйрену қашанда маңызды. Соңғы уақытта өңірімізде 298 тыңдаушы ағылшын, 35 тыңдаушы орыс тілдерін үйреніп келеді. Мұның барлығы тілге деген құрмет. Ана тіліміздің айбыны асқақ, мемлекетіміздің мәртебесі биік болсын», – деді Серік Жақсылықұлы. Сондай-ақ, ол Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасын ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғайни Әлімбекқызына, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Гүлнұр Ескермесқызына, Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әйгерім Бейсенбекқызына табыстады.

Мұнан соң «Тіл жанашыры» жүлдесінің жеңімпаздары марапатталды. Атап айтқанда, «Тіл майталманы» аталымына өңірімізге құрметті ардагер Қасымхан Төлендиев, «Тіл сақшысы» аталымына «Jasyn.kz» порталының бас редакторы Оралхан Дәуіт, «Тіл тірегі» аталымымен тараздық ұстаз Лариса Елібаева, «Тіл мерейі» аталымымен облыстық полиция департаментінің аға инспекторы Диляфруз Кинжеханова, «Тіл – қазына» аталымымен Данагүл Сармантаева, «Тіл білгірі» аталымымен алты тілде еркін сөйлейтін Сабина Кубеева марапатталды. Осы байқауға қатысқаны үшін бірқатар белсенділірмен бірге облыс әкімінің алғыс хатына ие болған Тараз қаласындағы №45 гимназиясының 4-сынып оқушысы Айбике Жамбылқызының талабына нұр жаусын дедік.

Белгілі ғалым Сәмен Құлбарақ марапаттаған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының қорытындысы бойынша «Үздік мақала» аталымы бойынша бас жүлде Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің бас редакторы Перизат Нүрпейісоваға, «Үздік сайт мақаласы» бойынша тараздық тіл жанашыры Әсел Имаммырзаеваға бұйырды. «Үздік мақала» аталымы бойынша тараздық Айдана Қуатова жүлделі бірінші орынды иеленді.

Жиын соңында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері әннен шашу шашты.

 

Есет ДОСАЛЫ