Ауылды өркендету – азық-түлік қауіпсіздігінің алғышарты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі екенін атап көрсетті. Ауылға салынған әрбір инвестиция ауыл шаруашылығы секторын дамытуға үлес қосары анық.
Расында да, өңірлерде заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жерлер баршылық. Осыған орай, мұндай жерлерді анықтап, оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылу тапсырылып отыр. Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп, ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырған жағдайда оған бөгет жасауға тыйым салынатын болады. Бұл «шаш ал десе, бас алатын» кейбір белсенділер үшін айтылған ескерту. Өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұратын, тіпті жерінің қайда екенін де білмейтін кейбір ірі жер иеленушілердің ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Елге пайдасы жоқ мұндай азаматтарға прокуратура арқылы ендігі кезекте жол берілмейтін болды.
Бүгінде Президенттің қолдауымен басталған «Ауыл аманаты» жобасының нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесі қолға алынбақ. Үкіметке ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру тапсырылды. Ең қуаныштысы, ауыл халқының басты бас ауруына айналған – өздері өндірген өнімді өңдеу және оны өткеру мәселесі шешімін табатын болды.
Ауылды өркендету – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алғышарты және негізі. Сондықтан биылғы Жолдау ауыл халқы үшін аса маңызды қолдау болып, елді мекендерді өркендеуге жол ашады деп сенеміз.
Манарбек КӨШКІМБАЕВ,
Amanat партиясы Мойынқұм аудандық филиалының төрағасы,
аудандық мәслихаттың депутаты.