Мемлекетіміздің даму бағдарын айқындаған құжат
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің қос палатасының сессиясында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Билік тармақтарының барлық өкілдері бас қосатын жиында елдің алдағы бағыт-бағдарын айқындап алудың тиімді тұсы көп.
Сонымен, Президент мемлекетімізді дамытудың қандай әлеуметтік-экономикалық бағдарын айқындап берді? Әуелі елдің даму бағдарын белгілеп берген Жолдаудың басты басымдықтарына тоқтала кетсем.
Мемлекет басшысы Жолдауда 9 мәселеге айрықша тоқталды. Сан саланы түгел қамтыған Жолдауда елдегі түйткілді мәселелердің, әр саладағы кемшін түсіп жатқан проблемаларды шешу жолдары айтылды. Соның біріншісі – ақша-несие саясаты.
Бұл мәселе бұған дейін қанша мәрте қозғалып, талқыға түскен. Алайда, нақты секторға несие әлі де ойдағыдай беріліп жатқан жоқ. Президент Жолдауда осыған айрықша тоқталды. Қасым-Жомарт Кемелұлы шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін таппағанын баса айтты. Ал, бұл жағдай өз кезегінде еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отырғаны түсінікті.
Жолдаудағы екінші басымдық біріншісімен өзара байланысты. Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту мәселелері – бүгінгі күні өте өзекті.
Президент Жолдауда: «Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда, шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр», – дей келе агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшіру жолын ұсынды.
Бұл агросаланы дамытудың тиімді тетігі екенін атап өткен жөн. Бұған дейін осы тақырып сан рет талқыланды. Шаруашылықтарды мемлекет тарапынан қаржылай қолдаудың ескі жүйесінің кемшін тұстары сараланып, ұтымды ұсыныстар айтылған. Ауыл шаруашылығын несиелендірумен тікелей айналысатын салалық банк құрылса, деген мәселе де көтерілді. Міне енді, Мемлекет басшысы өз Жолдауында осы түйткілге көңіл бөліп отыр.
Президент Жолдауда халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайына әсер етіп отырған коммуналдық шаруашылыққа қатысты тариф саясаты мәселесіне айрықша тоқталды. Мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты болуы керек екенін атап көрсетті.
Әрине, тариф саясатында нақты жүйе сақталуы үшін бұл салаға инвестиция тарту қажет. Қаржысыз, ұзақмерзімді жоспар-жобасыз тариф бағамын ұстап тұру қиын. Ол үшін алдымен, коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру қажет. Жасалған үнем ғана – нарықты реттеуге мүмкіндік береді.
Дегенмен, тұтынушыларға арналған тарифтің орынсыз өсуіне жол бермеу керек. Бұл басы ашық мәселе. Сондықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлы энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекітуді тапсырды.
Еліміздің кадрлық саясаты, денсаулық сақтау саласындағы түйткілдер де Жолдауда көрініс тапты. Оларды шешу жолдары нақтыланды. Бір сөзбен айтқанда, алдағы атқарылар жұмыстың бағыт-бағдары айқын.
Біз Президенттің атом энергетикасын дамыту туралы айтқан сөзіне назар аударуымыз керек. Бұл стратегиялық бағыт қоғамда кеңінен талқыланды. Референдум өткізу жайлы мәселе де жан-жақты сүзгіден өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев ел өмірі үшін маңызды әрбір қадамды халықтың қолдауымен жасау қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы 6 қазанда бір айдан кейін тиісті референдум өтетінін мәлімдеді.
Жолдауда сонымен қатар, экономиканың әр саласына серпін әкелетін жаңалықтар да айтылды. Айталық, келесі жылы елімізде жаңа Салық кодексі қабылданады. Сондай-ақ, 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды.
Осы ретте, бұл жыл бізге не береді деген сауалдың жауабын қосып айта кетсем деймін. Бұл қадам біріншіден, еліміздегі еңбек нарығында қалыптасқан тапшы мамандар мәселесін шешуге ықпал етеді. Екіншіден, жастардың техникалық және жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасын өзгертеді. Біз Президент ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын іске асыруымыз үшін қоғамдық сананы өзгертуден бастауымыз керек.
Мемлекет басшысы Жолдауда: «Былтыр күзде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлай бастадық. Барлық облыста 45 әкім жаңа тәсілмен сайланды. Біз сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделедік. Соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді», – деп атап көрсетті.
Ендігі жерде әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни, ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Мұның саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам екенін түсінуіміз керек және осындай өзгерістерге дайын болуымыз қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, саяси реформа бір реттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді.
Жалпы, елімізде жүзеге асырылған саяси реформа Қазақстанда мүлдем жаңа саяси жағдай қалыптастырғанын айтуымыз керек. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерістерді бастан кешірді. Қазір халықтың қоғамдық сана-сезімі басқа. Құқықтық мәдениеті артып келеді.
Соған қарай, азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығып келеді. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгеруде. Ал, ең басты табысымыз – қазіргідей жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұрған кезеңде эволюциялық жолмен дамып келе жатқандығы. Сондықтан, біз жергілікті мәслихаттар Президент саясатын қолдай отырып, Жолдауда нақтыланған міндеттерді өз өкілеттігіміздің шеңберінде жүзеге асыруға атсалысамыз.
Абдалы НҰРАЛИЕВ,
Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы.