Әлеумет

Әлі де спортзал, кітапхана, асханасы жоқ мектептер бар

Ел болашағы баянды болуы үшін бүгінгі балалардың бойына сапалы білім мен өнегелі тәрбие сіңіру керек екені белгілі. Мемлекет басшысы да жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында, алқалы жиындарда сөйлеген сөздерінде білім беру ісіне үнемі тоқталып өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа» деген болатын. Сапалы білім алу үшін оған ыңғайлы жағдай да жасалуы керек-ақ. Соңғы уақыттары заманауи жабдықталған мектептер қатары да артып келеді. Алайда, бүгінгідей техникалық даму қарқынды жүріп жатқан ХХІ ғасырда облысымызда әлі де спорт залы, кітапханасы, асханасы жоқ мектептер бар екен. Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті анықтаған мәліметке сүйенсек, облыста 8 жалпы орта, 14 негізгі орта және 38 бастауыш, жалпы 60 мектепте спорт зал жоқ. Бастауыш және негізгі орта білім беретін 31 мектеп асханамен қамтылмаған. Жас ізденуші үшін аса қажет кітапхананың 39 мектепте болмауы келеңсіз құбылыс.

Облыстың білім саласында сапаны қамтамасыз етуге міндеттелген департаменттің анықтаған мәліметтеріне қарағанда, білім-тәрбие беру ісімен шұғылданатын мекемелерде басқа да кемшіліктер баршылық. Биылға бекітілген кестеге сәйкес 269 білім беру ұйымдары, 223 мектеп мемлекеттік аттестаттау тізіміне енгізілген. Қаңтар-маусым айларында 46 балабақша, 80 мектепке мемлекеттік аттестаттау іске асып, 123 білім беру ұйымдарында қайта аттестаттау жүргізілген. Оның ішінде 4 балабақша жарғыда күші жойылған нормативтік құқықтық актілерін көрсетіп, 6 мектеп материалдық-техникалық базасы сәйкес еместігінен қайта аттестаттаудан өтпей қалыпты.

Облыста 182 мектепте күрделі жөндеу қажеттілігі бары анықталған. Бүгінде 9 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Оның төртеуінде күрделі жөндеу кестеге сәйкес жүргізілсе, бесеуінде жөндеу жұмыстары оқу жылы басталғанға дейін аяқталмау қаупі бар», дейді білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев. Айтуынша, 38 мектепке күрделі жөндеу жасау 2025-2026 жылдарға жоспарланса, 135-іне жоспарланбаған.

Облыста 13 мектепте интернет желісінің жылдамдығы (20 Мбит/с) төмен, олар Мойынқұм және Шу аудандарында. Тіпті, ұсынылатын ең төменгі талаптарға сәйкес емес.

Шу ауданының Төле би ауылында жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан әл-Фараби орта мектебінде жұмыс жүз пайыз орындалған, алайда қабылдау актісі жасалмаған. Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепте спорт зал апатты жағдайда болған, қазіргі таңда қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары енді басталыпты.

Департаменттің бекітілген кестесіне сәйкес бару арқылы 11 профилактикалық бақылау жоспарланған. Оның екеуі балабақшада, 8-і мектепте, біреуі колледжде жүргізіліп, нәтижесінде 10 мекемеге анықталған бұзушылықтарды жою бойынша нұсқама берілген. Биыл маусым айынан бастап Тараз қаласының прокуратурасы талабының негізінде жекеменшік балабақшаларда жоспардан тыс тексеру жүргізілуде. Бүгінгі таңда 22 жекеменшік балабақшада бұзушылықтар анықталып, нәтижесінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, нұсқама берілген.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА