Аймақ

Таразда кәріз-тазарту құрылыстарын салу жоспарлануда

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте Тараз қаласында кәріз-тазарту құрылыстарын салу бойынша жобаны іске асыру мәселелері талқыланды.

Шаһар басшысы Бақытжан Орынбековтің айтуынша, қалада кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 294,15 шақырымды, тозу деңгейі 43 пайызды, сүзу алаңдарына түсетін сарқынды сулардың көлемі тәулігіне 70-80 мың м3 құрайды.

Бүгінгі таңда халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражат тарта отырып, кәріз-тазарту құрылыстарын салу жобасы іске асырылуда.

Бекітілген Жол картасына сәйкес нысанның құрылысы 2025 жылы басталады.

Жобаның қуаттылығы тәулігіне 80 000 м3 және 20 000 м3 болатын 2 кезеңде жүзеге асыру жоспарлануда.

Жоба жетекшісі Мұрат Джакишевтің сөзінше, сарқынды сулар толық биологиялық тазартудан өтеді, бұл олардың ластануын жоюға мүмкіндік береді.

Ербол Қарашөкеев қаланың экологиялық ахуалын жақсартуда аталған жобаның маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Аймақ басшысы қала әкімдігі мен жауапты басқармаларға Жол картасындағы іс-шаралардың мерзімінде орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.