АЭС: қоғам пікірі ескеріледі
Елімізде атом электр стансасын салу туралы маңызды талқылаудың жүріп жатқанына біраз уақыт болды. Бірі – дамыған елдердің тəжірибесіне сүйеніп, қолдау білдірсе, екінші тарап радиациялық зардабын алға тартып, қош көрмей отыр. Дегенмен, бұл мəселені алғаш сөз еткенде-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ жеріне АЭС салуды жалпыхалықтық референдум арқылы шешетінімізді əуел бастан ескерткен. Президент биылғы Жолдауында бұл тақырыпқа бөлек тоқталғаны белгілі. Мемлекет басшысы маңызды құжатта жаһандық энергетика тапшылығының күшейіп бара жатқанын алға тартып, елімізге сенімді жəне экологиялық таза қуат көздері аса қажеттігін атап өтті. Сөйтіп, АЭС салу мəселесіне қатысты өтетін республикалық референдум 6 қазанға белгіленді.
Президент Жолдауынан соң референдум жөніндегі науқан шеңберінде облыстық аумақтық референдум комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.
Басқосуда республикалық референдум туралы заңнаманы жаңарту, республикалық референдум қарсаңындағы үгіт, республикалық референдумды өткізу кезіндегі шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қызметі мен республикалық референдумды әзірлеу мен өткізудің ұйымдастырушылық аспектілері туралы мәселелері қаралды. Жиынға облыстық аумақтық референдум комиссиясының толық құрамы мен қалалық және аудандық аумақтық референдум комиссияларының өкілеттігін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын мүшелері қатысты.
Отырысты ашқан облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов Мемлекет басшысының шешіміне сəйкес атом электр станциясын салу мəселесі азаматтардың пікірін ескеру мақсатында жалпыұлттық референдум арқылы шешілетінін атап өтті. Ол өз сөзінде республикалық референдум тағайындалған сəттен бастап тиісті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын орындайтынын, референдумды дайындауды жəне өткізуді ұйымдастыратынын түсіндірді. Айта кетейік, референдум барысында жұртшылық назарына: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген мәселе ұсынылатын болады.
Жиында бірінші мәселе бойынша облыстық референдум комиссияның мүшесі Еркін Жапаров сөз сөйлеп, осы жылдың 5 шілдесінде республикалық референдум туралы заңнаманы жетілдіру мақсатында тиісті Конституциялық заңға түзетулер қабылданғанын хабарлап, қатысушыларға референдум туралы жаңартылған заңнаманы түсіндірді. Негізгі жаңашылықтардың қатарында – ұлттық жəне халықаралық байқаушылардың, сондай-ақ, шетелдік БАҚ өкілдерінің құқықтары мен міндеттерін бекіту (бұрын бұл мəселе референдум туралы заңнамамен реттелмеген, осыған байланысты сайлау туралы Конституциялық заңға сілтеме нормасы көзделген). Сондай-ақ, жаңартылған заңнамада бұқаралық ақпарат құралдарының референдумды əзірлеу мен өткізу барысын жария ету тəртібі айқындалады (осы мəселеде бірыңғай қолдану практикасы мақсатында сайлау туралы Конституциялық заңға сəйкес өзгерістер енгізілді). Референдум өткізу кезеңінде қоғамдық пікірге сауал салу жүргізудің негізгі аспектілері түсіндірілді, олар түзетулерге сəйкес сайлау заңнамасында белгіленген талаптарға сəйкес жүргізілуге тиіс. Облыстық референдум комиссиясының мүшесі референдум комиссиялары мүшелерінің жұмысындағы жаңашылықтар туралы да айтты. Референдум комиссиялары мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу сайлау туралы заңға сəйкес жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар, жаңартылған референдум туралы заңнамада референдум комиссиясының шешімдері мен іс-əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) шағымдану мəселесі де нақты регламенттелген.
Күн тəртібіндегі екінші мəселе бойынша облыстық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов баяндама жасады. Мəселен, республикалық референдум туралы Конституциялық Заңның 7-бабының 1-тармағына сəйкес республиканың азаматтары мен қоғамдық бірлестіктері референдумға шығарылған мəселеге өз пікірін «жақтап» немесе «қарсы» айту құқығына кепілдік беріледі. Бұл – үгіт болып саналады. Үгіт плакаттар, парақшалар, баннерлер жəне басқа да электрондық жəне баспа материалдарын шығару арқылы жүргізілуі мүмкін. Сондай-ақ, заңда жиналыстар, митингілер, азаматтар жиындарын өткізу жəне бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт жүргізу көзделген. Бұл ретте заңнамада үгіт жүргізу кезінде белгілі бір шарттардың сақталуы көзделген. Барлық үгіт материалдарында осы материалдарды шығарған ұйым, олардың басылған орны мен таралымы, оларды шығаруға жауапты тұлғалар туралы мəліметтер болуға тиіс. Анонимді үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, республиканың тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысқа, əлеуметтік, нəсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық жəне рулық үстемдікке, сондай-ақ, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табынуға үгіттеуге жол берілмейді. Үгіт материалдарын орналастыру меншік иесінің келісімімен арнайы бөлінген орындарда жəне өзге де нысандарда жүзеге асырылуға тиіс. Жабық үй-жайлардан тыс үгіт (жиналыстар, митингілер) бейбіт жиналыстар туралы заңның талаптарына сəйкес жүргізіледі. Үгіт референдум тағайындалғаннан кейін басталады. Бұл ретте референдумның алдындағы күні (үнсіздік күні) жəне референдум өткізілетін күні үгіт жүргізуге тыйым салынады. Дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерде бұрын ілінген баспа үгіт материалдары, плакаттар сол орындарда сақталса болады.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша облыстық референдум комиссиясының мүшесі Мейіржан Сембеков баяндама жасап, Қазақстанда республикалық референдумда халықаралық байқау институтының ашылғаны туралы хабарлады. Ол Қазақстан Республикасы көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде халықаралық байқау институтын ашу бойынша өзінің халықаралық міндеттемелерін тұрақты орындайтынын атап өтті. Республикалық референдум туралы Конституциялық заңның 6-бабының 4-тармағына сəйкес референдум өткізу кезінде шет мемлекеттерден жəне халықаралық ұйымдардан аккредиттелген байқаушылар, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады. Қазақстанда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Орталық референдум комиссиясының төрағасы мен Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша референдумды байқауға қатыса алады. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша орталық референдум комиссиясының жанынан аккредиттеледі. Ағымдағы сайлау науқанында аккредиттеуді жүргізуді Астана уақыты бойынша сағат 18:00-де дауыс беру күніне 5 күн қалғанда, яғни, 2024 жылғы 30 қыркүйекте аяқталады.
Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша сөз сөйлеген облыстық референдум комиссиясының мүшесі Әбілхайыр Боранбаев науқанның жалпы ұзақтығы тағайындалғаннан дауыс беру күніне дейін 35 күн болатынын хабарлады. Дауыс берушілердің тізімдерін жасау бойынша жұмысты жергілікті атқарушы органдар тағайындалғаннан кейін бірден бастайды. Дауыс беруден 20 күн бұрын, яғни 15 қыркүйекте тізімдер референдум учаскелеріне жəне электрондық түрде облыстық референдум комиссиясына беріледі. Азаматтардың уақытша болатын орындарында құрылған референдум учаскелері бойынша республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері азаматтарға танысу үшін дауыс беру күніне 5 күн қалғанда ұсынылады. Сайлау туралы Конституциялық заңда азаматтардың болу орнын ауыстырған кезде дауыс беру құқығына есептен шығару куəлігі бойынша дауыс беру құқығы көзделген. Есептен шығару куəлігі бір елді мекен шегінде референдумның басқа учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін азаматтарға берілмейді. Бюллетеньдер референдум учаскелеріне дауыс беруге дейін үш күннен кешіктірілмей жəне бір күннен кешіктірілмей жеткізіледі. Дауыс беру 6 қазанда таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін өтеді.
Отырыс соңында облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов облыстық референдум комиссияларының мүшелерін референдумды əзірлеу мен өткізу мəселелері бойынша да хабардар етті. Атап айтқанда, халықты ақпараттандыру, дауыс беру күніне учаскелердің дайындығы жəне азаматтардың дауыс беруі үшін, оның ішінде мүгедектігі бар жəне дауыс беру кезінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қажетті жағдайлар жасау мəселелері қарастырылды.
Есен ӨТЕУЛІ