Әлеумет

Анамның керемет кілемі

Екінші сыныпқа жаңадан барған кезіміз. Әріптерді танып қалғанбыз. Ауылдағы кең бөлмелердің бірінде анам өз қолымен тоқып шыққан үлкен кілемі ілініп тұратын. Бұрын ою-өрнегіне қызығып жүрсек, бұл ілініп тұрған бұйымда басқа құндылықтар өте көп екен. Оны хат таныған кезде сезіндік.

Кілемнің орта тұсынан қазақ үшін қастерлі «Сарқыт» деген сөзді оқыдық. Бұл жерде кісі аты – Сарқыт. Ол кісі – анамның жалғыз қайын сіңлісі, әкемнің қарындасы. Тағы бір тұстан қайнысының атын оқып қалдым. «Жақсыбек» деп ірі әріппен анық жазылыпты. Осылайша, немере қайын, қайын сіңлілердің де есімдерін оқып шықтым. Есейе келе бұл кілемнің қалай тоқылғанын марқұм анамнан сұрадық. Ол кісі: «17 жасымда жас келін болып түскен кезім. Ол кезде келінге сын көп. Әр үйде адуынды енелер бар. Мынау байқұс жас түскен екен демейді. Не істей алады, қолынан не келеді дейді. Менен 6-7 жыл бұрын түскен ауылдағы абысындарымның кейбірі кілем тоқиды. Күнделікті тірліктің арасында солардың үй жағына барып келіп жүріп кілем тоқуды үйрендім. Ауыл апаларынан сөз де естідім. Ескерту де алдым. «Үйінде жүрмей ме, зымырап қайда барады» деп бір сөйлеп қалады жарықтық аузы жылдам апалар. Ондай сөздерге құлақ аспадым. Бірақ, кілем тоқуды үйрендім. Менің анам Пашира өнерлі кісі болды. Түлкітұмақ, қазақы шапан, жейде, барлығын тіге беретін. Сол жағынан намысқа тырыстық па, осы кілемді тоқып шықтым. Өзің байқағандай, іші тола сенің аға-әпкелеріңнің есімдері. Бұл – келін болып түскен жерге құрмет. Есімі жазылмаған сен оқып, қуанып отырсың. Ал, олар ерекше қуанады. Бұл – жеңге мен қайын сіңілі, қайын арасындағы сыйластық жоғары болсын деген тілек», деп бір сәт сырын айтып еді.

Анамның қолының шеберлігін есігіміздің алдына тігілетін киіз үйдің жабдықтарынан, оюлы ілмелерінен, басқұрларынан, түрлі жамылғылардан байқаушы едім. Олар да түрлі түсті бояуларымен ажарланып тұратын.

Осы күні арғы әлемге кеткен анамызды сағынамыз. Оның өз қолымен тіккен кілемі ескірген. Қайын сіңілілері қарттық жасқа жетсе, қайындарының кейбірі бақилық болған. Қазіргі таңда ол кісі секілді қайын жұртына қалтқысыз қызмет ететін келіндер аз. Тіпті, жоқтың қасы. Бұрынғыша кісі есімдерін жазып, кілем тоқитын келіндерді де іздеп таба алмайсың. Оларға үйретуі тиіс жас енелердің өзі қазақы құндылықтан алыс.

Анамның кілемі – сол құндылыққа төгілген пейілі мен жүрегі. Ол – қазақы құндылыққа деген құрмет.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы