«Ақын деген бір бұлақ сылдыраған...»
Тазалық пен еңбеккеш мінезді талап ететін поэзия әлемінен өзіңді іздеу – қиын жол. Себебі, қасиетті қара өлең ізгілік пен мөлдірлікті қалайды. Адамның бойынан ондай құндылықтар жиі табыла бермейді. Біз мұны ақын Нұржан Әліштің Меркі ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Ақын деген бір бұлақ сылдыраған...» атты кешінде тағы да байқадық.
Меркі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде өткен іс-шарада әуелі көпшілік назарына ақынның өмір жолынан шағын көрсетілім ұсынылды. Мұнан соң ақынның анасы Аққыз Қосақбаева сөйлеп, ұлының жыр жолына қалай түскенін әңгімелеп берді. Нұржан Науатбекұлының ақындық қабілеті Н.Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатта оқып жүрген кезде ашылған екен. Келесі сәтте Меркі аудандық мәдениет үйінің әншісі Гүлнұр Нұрлыбаева сөзі мен әнін Нұржан Әліш жазған «Ақ мама», «Іздедім» әндерін тыңдарман жүрегіне мөлдіретіп жеткізді.
Іс-шара барысында кеш иесімен сұхбат өрбіді. Нұржан Науатбекұлы «Аққыз» атты алғашқы кітабының қалай жазылғаны, оның анасына арналғаны туралы айтып берді. Аталған кітапхананың қызметкері Мария Нисонова кеш иесінің «Аққыз» өлеңін әсерлі оқыса, іс-шараны Назира Қойшыбаеваның лайықты жүргізгенін айта кеткен жөн. Аудандық кітапхананың кітапханашылары мен тұрақты оқырмандары Нұржан Әліштің «Себебі бар», «Туған жер», «Киелі бесік», «Ақын» , «Әке», «Көктемім» атты өлеңдерін жатқа оқып, көпшіліктің назарын аударды. Ақынның туған інісі, Мыңарал ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі Айғазы Әлішев кеш иесінің «Ақ орамал» атты өлеңін толғаныспен жеткізді. Ақынның құрметіне кітап көрмесі де сәтті ұйымдастырылған.
Кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының өкілі, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман сөз алып, Нұржан ақынмен алғаш танысқан сәттерінен қызықты естеліктер айтты. Ол: «Нұржан Науатбекұлы – еңбекқор азамат. Атқарған жұмыстарынан да, жазған өлеңінен де нәтиже шығарып жүреді. Жолы жарқын болсын» десе, ақын, Меркі ауданының Құрметті азаматы Шырын Мамасерікова: «Былтыр аспаннан меруерт жауғандай болып, облысымыздағы 24 ақынның жыр кітаптары бір мезгілде жарық көрді. Оған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қолдау білдірді. Сол 24 жыр жинақтың ішінде Нұржанның «Аққыз» атты кітабы да бар. Жақсы жинақ. Бір ғана шумақ келтірейінші:
«Көктем сенің көңіліңнен көшірме,
Сәл мұңайсаң, қабағыңды бағамыз.
Жанарыңнан жаздың отын өшірме,
Шын айтамын, әйтпесе, біз тоңамыз, – дейді.
Қандай мөлдіреген шынайы сезім десеңізші! Нұржан Науатбекұлының жыр жолына сәттілік тілеймін», – деп ағынан жарылды.
Меркі ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тантай Ахметжанов сөз алып, Нұржанның мәдениет саласына қосып жүрген үлесіне, ізгі қасиеттеріне көп тоқталып, ақынға және оның анасына құрмет көрсетті. Кеш иесінің рухани ұстазы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Талғат Сұлтангереевтің, ақынның сыныптасы Ержан Қасымбековтың естеліктерін көпшілік қызыға тыңдады. Тіпті, ақынның туған жері Мыңқазан ауылынан келген «Асыл әжелер» ансамблінің мүшелері және ауылдың сыйлы азаматтары Нұрмахан Тасыбеков, Болат Әсілбеков сөз алып, Нұржан Науатбекұлының балалық шағы, әкесінің азаматтығы туралы естеліктер айтты.
Іс-шараны ақын Нұржан Әліш қорытындылап, кеш қонақтарына және көрермендерге шынайы алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ
Меркі ауданы