Мәдениет

Қонаев пайдаланған көзілдірік

Еліміздің өсіп-өркендеу жолында Дінмұхамед Қонаев есімі айрықша орын алатыны белгілі. Қазақтың біртуар ұлы ел экономикасы мен халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында тынбай еңбектеніп, халқына жақын басшы ретінде ел есінде қалды.

Ұлтына қалтқысыз қызмет еткен ерен ерді жұрты да ұмыт қалдырған жоқ. 2022 жылы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына орай Тараз қаласының төрінде Д.А.Қонаев орталығы ашылды. Бүгінде мұнда Д.А.Қонаевтың шежіресінен, балалық шағынан бастап студенттік жылдары, отбасы мен басшылық еткен жылдардағы түрлі жәдігерлер сақталған. Солардың бірі – Дінмұхамед Ахметұлының көзілдірік қабы.

Таза былғарыдан жасалған көзілдірік қаптың алтын түстес темір, шыртылдақ қапсырмасы бар. Көзілдірік қабының ұзындығы – 15 сантиметр, ені – 8 сантиметр. Көзілдірік салуға арналған қаптың ішінде «..2021 жылы 7-ші қыркүйек күні сағат 11:20-да Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдәзімов бауырымыз, Димаш атамыздың көзі тірісінде қолданып жүрген көзілдірігінің былғарыдан тігілген қабын (футляр для очков) Д.А.Қонаевтың жаңадан ашылатын мұражайына арнайы келіп сыйға тартты. 07.09.2021 жыл» деп жазылған.

Жәдігер тарихы туралы қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Сембек Сейдәзімов айтып берді.

Ашылғанына үш жыл толған Д.А.Қонаев орталығында бұдан бөлек, ұлт қайраткерінің елімізге сіңірген еңбегін, халқымызға жасаған игі істерін насихаттау, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін ояту мақсатында біршама іс-шаралар өткізіліп келеді.

 

Нұрболат АМАНБЕК