Алушы да, сатушы да дән риза
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласындағы «Әлеуметтік базар» алаңында биылғы алғашқы жәрмеңке ұйымдастырылды. Оған облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері шығарылды.
Қазір күзгі жиын-теріннің қызған шағы. Биыл диқанның көңілі тоқ. Жер-ана да берекесін беріп-ақ тұр. Жер емген диқанға енді апта сайын Тараз қаласында өткізілетін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі үлкен қолдау болғалы тұр.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірәсыл Желеубаевтың айтуынша, жәрмеңкеге жалпы құны 105,2 миллион теңгені құрайтын 128,8 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары жеткізілген. Оның ішінде 13 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 2,5 тонна шұжық және 7,3 тонна сүт өнімдері бар.
Жәрмеңкеге келген жұрттың да қарасы қалың. Барлық сөре азық- түлікке, көкөніс пен мал өнімдеріне лықа толып тұр. Алушы да, сатушы да дән риза. Өйткені, баға жүйелі.
Шағын жүк көлігіне картоп, пияз бен сәбіз, асқабақ пен қырыққабатты басып келген «Бейбіт» шаруа қожалығының жетекшісі Бейбіт Әбиірбеков ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің тұрақты қатысушысы болып шықты. Ол өз жеке шаруа қожалығында күтіп-баптаған өнімін үнемі жәрмеңкелерге әкеліп өткеріп жүргенін айтты.
Қала тұрғындары да жәрмеңкенің апта сайын өткізіліп тұрғанын құптайды. «Жәрмеңкенің қайта өткізіле бастағаны құптарлық іс. Жылда өзімізге керекті азық-түлікті осы жәрмеңкеге арнайы келіп, керегімді алып тұрамын. Ең алдымен мұндағы өнімнің барлығы табиғи. Бағасы да қолжетімді. Жеміс-жидектер де, картоп пен пиязды да қабымен алып, үйге қайтып барамын, – дейді қала тұрғыны Лаура Құрманбек.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы