Буллер болу өзгеден бұрын өзімізге зиян
Көпшілік жұрт буллингті көбінесе мектеп жасындағы балалар арасында ғана жиі кездеседі деп ойлайды. Ол расымен де солай. Дегенмен, қоғамда бұл әрекет ересектер арасында да бар. Өйткені, кез келген жастағы адам үйде, көшеде, жұмыста, оқу орнында, қысқасы, барлық жерде буллингпен ұшырасуы мүмкін.
Әлімжеттік көрсету, бопсалау секілді жағымсыз іс-әрекеттерден тұратын бұл шабуыл қазіргі уақытта әлеуметтік желілерді де түгел жаулап алған.
Интернет арқылы адамдардың бір-біріне неше түрлі сөз жазуы, жеке ар-намысына тиюі – кибершабуылдың ең дамыған түрі. Ондай сөзбен тиісіп кетуден, ыңғайсыз суреттерін немесе видеосын әлдебіреудің рұқсатсыз желіге салып жіберуінен кейбір адамдар өзінің физиологиясы мен жан-дүниесіне қатысты едәуір жарақат алады.
Мамандар бүкіл ортада белең алып бара жатқан буллинг пен кибербуллинг деген нәрсенің негізінен буллер адамның өз эмоциясын дұрыс басқара алмауынан пайда болатынын айтады. «Желіде бір адам жаман пікір жазып, оған екінші біреу like басқанының өзі кибербуллингтік шабуылға жатады» дейді олар.
Алға адымдауынан гөрі аттаны басым базбіреулер әлемжеліні қырқылжың-тартыстың алаңына айналдырып, сыртынан тамашалап отырып та буллингтің шырмауықша таралуына ықпа л етіп отыр. Өзгенің мазасыздануынан мәз болатын мұндай жандарды психология тілінде «вампирлер» деп атайды. Айқайға сүрең қосқыштардың мұндағы мақс аты – қоғам мүшелерін көбінесе негативке үйір ету. Ал, негатив болса бір ауызбен айтқанда, күдік пен күмәннен арылмау, сарыуайымға салынып, тіршіліктің тұңғиығына түсіп кетуге апаратын соқпақсыз жол.
Табиғатынан сезімтал жаратылған адам санасы тез ашулануға бейім.
Әлеужелі қолданушыларының көбісі күні бойы жинап келген теріс эмоциясын әлеуметтік желілерге шығарады. Бір оқиғаға біреу теріс пікір жазса, жатып кеп соны қостай салады. Бұдан негатив жазатын адамның өзіне зиян бар ма, ол жағына ешқайсысы бас қатырмайды. Психологтардың айтуына қарағанда, негативтік көзқарастағы адамдар өзіне де, өзгеге де зиянын көп тигізеді. Оның салдары сосын барып тікелей қоғамға әсер етпек.
«Адам бойындағы ашуды, негативті, реніш пен қорқынышты, агрессияны тұла бойында жинай берген адамның ең алдымен өзі ауруға ұшырайтын болады, – дейді Phd доктор, эмоциялық интеллект сарапшысы Ермек Нұрымов. – Ғылымда психосоматика ұғымы бар. Онда адам ұзақ уақыт бойы қандай да бір теріс эмоциямен жүрсе, оның әлсіз жерінен ауру пайда болады делінеді».
Иә, дерттің 90 пайызының нашар эмоц и ямен тікелей байланысты екенін дәрігерлер мен медицина ғалымдары да жоққа шығармайды.
Осы буллинг тақырыбы қозға лғанда «Қа лжың мен кибербуллингті қалай ажыратуға болады?» деген сауал алдымыздан ылғи шығады. «Дос бар, дұшпан бар. Бір-екі рет қалжыңдап айтса, түсінікті, ал келбетіңе, түр-түсіңе, үсті-басыңа қатысты ар-намысыңа тиетін сөздерді қалжыңдаған боп қайта-қайта айтып, ащы тілімен шағып, тиісе беретін болса, ондай адаммен қарым-қатынасты мүлдем үзген дұрыс» деп кеңес береді білікті мамандар. Расымен де, сізге деген теріс ойларын қалжыңмен болса да жеткізуге әуес болған адамды ақ ниетті, пейілі таза дос деп айтуға қаншалықты болады?..
Бірде үлкен бір жиналысқа қатысуға жолдасым екеуміздің жарты сағат ерте келгеніміз бар.
Тағы бір үш-төрт адам отыр екен. Екі жақта бір-біріне қырын қарап отырған екі кісінің бір- бірімен жұлдыздары қарсы етін, үнемі қырғи-қабақта жүретінін сырттай білетінбіз. Бұл жолы да, ақыры қарап отырмыз, қарап отырғанша қалғып отырайық деді ме екен, бірі екіншісін сөзбен қыршып алды. Қасындағы кісі де мақұлдаған сыңай танытып, кеңкілдей күлді. Оған нысана болған қарама-қарсы жақтағы екінші ағамыз да қарап қалған жоқ. Айналасында отырған біздердің бәрімізді көзімен бір шолды да:
– Баяғыда бір ауылдың игі жақсысы мен сияқты қарапайым адамды үйіне шақыртыпты. Әлгі адам игі жақсының үйіне жақындап қалса, есігінің алдында дәу екі ит жатыр екен. Жаймен өтіп кете беріпті. Сонда әлгі екі иттің біреуі «Анау адам кетіп бара жатыр. Сол адамға үрейік те» депті қасындағысына. Келесі ит: «Әй, оны қайтесің, өзімен өзі тыныш кетіп бара жатқан адам ғой» десе, әлгі серігі: «Үре салайық та, ит екенімізді білсін» деген екен» деді.
«Сөз тапқанға қолқа жоқ». Ұтымды мыс а лға жиылып қалғандардың бәрі риза боп езу тартты.
Үндей алмай қалған ана екі кісінің ауызына құм құйылды.
Міне, кекету мен мазақтауға, мұқату мен қоқан-лоққыға, яғни буллингке аса салқынқандылық танытып, жауап қайтарудың нағыз үлгісі дер едім осы жайтты.
Мұндай шабуылға сабырлылықпен төтеп бере алатындар арамызда да аз емес.
Жалпы, буллинг пен кибер буллингтен зардап шекпеудің бірден-бір жолы – одан қорғана білу екенін мамандар да айтып жүр.
Бұзақылықтың кез келген түрі сияқты, буллинг пен кибершабуылды дер кезінде анықтап, оған дұрыс жауап беру өте маңызды. Виртуалды қарым-қатынас кеңістігінде, әрине, мұның алдын алу оңайға соқпайды. Ешкім қазір ұялы телефон мен интернетті пайдаланбай тұра алмайды. Тек ғаламтор кеңістігі мен ақпараттық технологияларды тиімді пайдалана білу керек. Бұл үшін қажет емес мазмұнды бұғатт ау, өзі тура лы жеке мәліметтерді көпшілікке ашық жарияламау секілді көптеген құпиялылық параметрлерін орнатуды үйренген дұрыс. Сонда ғана үлкен де, кіші де цифрлық технологиялардың көмегімен қудаланудан сақтана алатын болады. Буллингке де жол жабылады.
Үміт БИТЕНОВА,
журналист.