Дамыған елдердің көшінен қалып қоймауымыз керек
Бүгінгі күннің басты тақырыбының бірі – Атом электр станциясын (АЭС) елімізде салу. Қазақстанда АЭС салу сонау Кеңес Одағы ыдырамай тұрып көтерілген болатын. Енді, міне, сол мәселе қайта қозғалып отыр.
Өткенге көз жіберер болсақ, Кеңес Одағы тұсында, дәлірек айтсақ, 1948 жылы академик Курчатовтың бастамасымен бірінші атом электр станциясы (АЭС) салынды. Ол кезде ұлы державалар КСРО- мен АҚШ барлық салада бір-бірінен озуға тырысатын, басқа елдердің олармен жарысуға шамасы да, мүмкіндігі де жоқ болатын. Сонымен, бірінші атом электр станциясы 1943 жылы 3 қыркүйекте Американың Теннеси штатында іске қосылса, екіншісі араға 8 жыл салып барып 1951 жылы Айдахо штатында іске қосылды. Ол кезде мықты елдер атом бомбасын жасау үшін бар күшін салып бақты.
Ал, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда алдымен дамыған елдер қолға алды. Соның ішінде Қытай да бар. Бүгінгі күні дүниежүзі бойынша Қытай ғалымдары атом электр станциясын соғуда бірінші орынға шығып кетті. Қытай Халық Республикасында 54 атом электростанциясы жұмыс істеп тұр және 28 – АЭС соғылып жатыр. Ресейде «РосАтом» орталығына қарайтын 11 АЭС жұмыс істеп тұр. Америка штаттарында 5 АЭС жұмыс істейді және тағы жаңа АЭС салу жоспарлануда. Жалпы Үндістанда – 6, Пәкістанда – 2, Украинада – 2, Словакияда – 2, ал Франция, Аргентина, Беларусь, Финляндияда, Бразилияда бір-бірден атом электростанциялары жұмыс істеп тұр.
Қазақстанда Атом станциясы үшін ең керек өнім уранның 900 мың тонна қоры бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атом электр станциясын соғу туралы бастамасын халыққа жолдап, халықтың келісімін алу үшін республика бойынша референдум өткізу жоспарлануда, бұл өте дұрыс шешім деп есептеймін. Яғни, осылайша Президентіміз әрбір ел азаматының өз таңдауын жасауына құқық беріп отырғаны белгілі.
Жер бетінде атом энергетикасы дамып, АЭС соғылғалы бері де екі АЭС-те жарылыс орын алды. Оның бірі Украинадағы Чернобыль Атом электростанциясы, екіншісі Жапониядағы Фукусимо АЭС-ы. Екіншісі мұхит суының тасқынынан болған еді.
Еліміздің әрбір озық ойлы азаматтары Қазақстанда АЭС соғу туралы өз ойын айту керек. Мен жоғарыда айтқанымдай, Қытайда 54 АЭС жұмыс істесе, ендігі кезекте 28 АЭС соғылып жатқанын айттық. Өйткені, 1,4 миллиард халқы бар Қытайдың экономикасы өте жақсы дамып келеді, ол үшін бірінші кезекте керегі – электр энергиясы. Сондықтан да көршіміз атомнан электр энергиясын өндіруге бар ресурсын жұмылдырған. Түркия мемлекеті де жаңа атом станциясын қолға алып отыр. Олардан да біздің үйренеріміз көп.
Қазақ бата берерде «Еліміз аман, жұртымыз бүтін болсын» дейді, ол үшін біздің еліміз дамыған елдердің көшінен қалып қоймауы керек. Ең бастысы, халық денсаулығы, келешек ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін үлкен қадам жасағалы отырмыз. Жалпы, республикамызда АЭС-тің соғылуын мен қолдаймын, ең басты сұраныс сол соғылатын АЭС-тың жаңа талапқа сай болуы. Техникалық қауіпсіздікке баса мән берілуі. Жаңа техника, жаңа талапқа сай болса, адам өміріне қауіпсіз болса, неге талпынып көрмеске?
Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
қоғам қайраткері.