Аймақ

Жұмыссыздық азайып, тұрғындар табысы артып келеді

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардың ағымдағы жылы қаңтарда бекітілген бас жоспары негізінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Одан бөлек ол облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша жүргізілген шаруалардың жай-жапсары туралы айтып берді.

Бүгінде облыс орталығындағы жұмыстардың қарқыны артпаса бәсеңдеп жатқан жоқ. Оны күн сайын жүргізіліп жатқан жылу магистралін жөндеу жұмыстарынан, шаһардағы тынымсыз тірліктен оңай аңғаруға болады. Осыдан тура екі жыл бұрын тарихи шаһарға әкім болып тағайындалған Бақытжан Орынбеков сол тұста қаланың 2023-2025 жылдарға арналған даму картасын әзірлеп, көпшілікке таныстырған еді. Содан бері атқарылған шаруада есеп жоқ. Мәселен, жоғарыда атап өтілген бас жоспарға сәйкес, Тараз қаласы маңындағы Жамбыл, Байзақ аудандарынан аумағы 13 мың гектарды құрайтын, 45 701 халқы бар 14 елді мекен қалаға қосылып, халық саны 479 мыңнан асады деп жоспарлануда. Қазір Тараз қаласының шекарасын өзгерту туралы облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімінің жобасы әзірленуде. ҚР Үкіметінен келісім алынғаннан кейін, Тараз қаласында 2 аудан құру туралы облыс әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданады. Шаһар басшысының айтуынша, екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыруды және қаланы оңтайлы басқаруды қамтамасыз етпек.

Кез келген қала мен ауданның экономикалық өсімін тұрақты қамтамасыз етуге сол маңдағы өндіріс орындары тікелей серпін береді. Бұл бағытта Таразда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізілген. Осы бағытта қалада ағымдағы жылы құны 6,9 миллиард теңге болатын «Alina Group» ЖШС-ның құрғақ құрылыс қоспалар зауыты іске қосылды. Зауыттың қуаттылығы жылына 350 мың тоннаны құрайды. 35 жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұдан бөлек, жалпы құны 34,7 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, жобалар іске асырылғанда 944 жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Одан бөлек Тараз қаласының жаңа бас жоспарына сәйкес, қаланың батыс бөлігінен Шөлдала алқабына барар жолда 1150 гектар жер өндірістің әлеуетін көтеру үшін индустриалдық аймаққа берілгелі отыр. Қазіргі таңда жалпы құны 47,6 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобалармен келіссөздер жүргізілуде. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-да «Тараз» индустриялық аймағы жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда қатысушылар ретінде 74,1 миллиард теңгеге 7 жоба айқындалған. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен Тараз қаласы бойынша барлығы 18,7 миллиард теңгеге 386 жоба қаржыландырылды. Бүгінгі таңда Тараз қаласында 15 сауда базары жұмыс істеп тұр.

Бақытжан Әмірбекұлының айтуынша, шаһарда арнайы жұмыспен қамту картасы дайындалып, соған сәйкес 2024 жылы 21 035 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, бүгінгі күнге нақты 12 250 жұмыс орны ашылған. Есепті кезеңде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға төмендеген.

Шаһарда тұрғын үй құрылысының да қарқыны бәсеңсіген емес. Қайта жыл сайын жаңа серпін алып, жаңа үйлер бой көтеруде. «Өз үйім – өлең төсегім» деп, баспананы бақыт шамына балайтын 22 мыңнан аса тұрғын пәтер алу кезегіне тіркелген.

Сонымен қатар, Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1438 көппәтерлі тұрғын үй болса, оның ішінде 1103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 614 үй жөндеуді қажет етеді. Қала әкімінің айтуынша, биыл 5,1 миллиард теңгеге 53 көпқабатты тұрғын үйді модернизациядан өткізу жоспарланып отыр. Республикалық бюджет есебінен қаржысы толық қарастырылған. Мұнымен қоса облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаланың орталық көшелеріндегі 24 көпқабатты тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы әзірленді. Оның ішінде, 11 үйдің сырт келбеті мен шатырын жөндеу жұмыстары бүгінгі күні қарқынды жүруде. Құрылыс жұмыстары 15-ші қыркүйекке дейін аяқталады. Ал, қалған 13 үйді келесі жылы жаңғырту жоспарланған.

Қазіргі таңда шаһар көшелерінен жылу желілерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын аңғару қиын емес. Бұл тұрғыда 2023 жылы «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Тұрысов көшелерінің бойындағы М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту» жобасы әзірленіп, құны 10,7 миллиард теңгені құраған. Жалпы жылу желісінің ұзындығы 6,1 шақырым. Ағымдағы жылға аталған жобаны атқару үшін қазынадан 7,1 миллиард теңге қарастырылыпты. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 19 сәуірде басталды. Бекітілген өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес, құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың бірінші қазанына дейін аяқтау жоспарлануда. Ал, «Тараз қаласының Жамбыл даңғылы, Қонаев, Сейфуллин көшелері бойындағы М-3 жылу магистралін қайта жаңарту» жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылған. Жалпы, тозығы жеткен ішкікварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 10 жоба әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім берілген.

Тараз қаласында ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды жүруде. Былтыр 6,6 миллиард теңгеге «Казарма», «Шөлдала», «Құмшағал» және «28 саяжай» тұрғын алқаптарында 7 256 жеке тұрғын үй ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ал, 2024 жылы 1,2 миллиард теңгеге «Шалғай Қарасу 1,2,3,4,5,6,7» алқабы, 859 миллион теңгеге «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец», «Родничок» алқаптары орталықтандырылған ауыз сумен қамтылатын болады. Нәтижесінде орталықтандырылған ауыз сумен қамту үлесі 100 пайызға жетпек. Сондай-ақ, қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында жаңадан бұрғыланатын 35 дана су ұңғымасының құрылысына жоба әзірленіп, оның құны 4,8 миллиард теңгені құрады. Жобаны республикалық бюджет есебінен қаржыландыру үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне бюджеттік өтінім ұсынылған.

Жалпы, қала тұрғындарының көп қойылатын сауалдарының бірі – көше жарығы. Осы мақсатта былтыр облыс орталығындағы 83 көше жарықтандырылса, биыл 76 көшені жарықтандыру қолға алынған.

Бұдан бөлек брифинг барысында шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков қала ішіндегі ағын су, қоғамдық көлік сапасы, кәріз сулары мәселесі мен көгалдандыру жұмыстары бойынша атқарылған істерге де арнайы тоқталып өтті. Бүгінге дейін жүргізілген жемісті жұмыстар бойынша есеп берген шаһар басшысы баяндамадан соң журналистердің сауалдарына жауап қайтарды.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ