Білім

Жаңа білім ошағы ашылды

Биыл білім күнін жамбылдықтар ерекше атап өтті. Себебі, өңірде бірнеше мектеп бой көтеріп, мыңдаған жас жеткіншек жаңа оқу жылында жаңа ғимараттың табалдырығынан аттады.

Балалардың игілігіне берілген №63 мектеп «Арай» алабында орналасқан. 600 балаға арналған су жаңа білім ұясының ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров арнайы келіп, балаларды білім күнімен құттықтады.

Жаңа білім ұясы қажетті құрал-жабдықтармен, білім алуға керек материалдық-техникалық базамен толық қамтылған. Оқу бөлмелері кең, жарық. Балалар үшін түрлі үйірме сыныптары қарастырылған. Биылғы оқу жылында аталған білім ошағының табалдырығын 485 оқушы аттаса, оның 81-і бірінші сынып оқушылары. Мектеп құрылысын «Строймонтажгрупп» ЖШС жүргізген.

Салтанатты іс-шара барысында жаңа мектепке облыс әкімінің арнайы сыйлығы тарту етілді. Ал мектептің лентасын облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров пен осы аймақтың ақсақалы Ермекбай Сәлімбаев қиды.

Оқушыларды жаңа мектепке қабылдау салтанаты әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласып, оқушылар «Мектебім – мейірім мекенім» тақырыбындағы сынып сағатына қатысты.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ