Аймақ

«Жайлы мектеп» ел игілігіне берілді

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында жаңа білім ошағы пайдалануға берілді. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, оқу-ағарту саласының ардагерлері, ауыл қариялары мен тұрғындары, ұстаздар мен ата-аналар, мектеп оқушылары қатысты. Ербол Қарашөкеев жамбылдықтарды Білім күнімен құттықтап, саланы одан әрі дамыту, педагогтерді қолдау шаралары жалғасатынын жеткізді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде білім мен ғылым саласын дамытуға баса көңіл бөлінуде. Осы тұрғыда біздің облысымызда да білім беру саласын дамыту, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Міне, бүгін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында балалардың игілігіне берілген мектептің ашылуына куә болып отырмыз. Жаңа мектепте балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл – олардың үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.

Салтанатты жиында Байзақ ауданынан сөз алған ардагер ұстаз Асқар Бекбауов білім беру саласындағы оң өзгерістерге тоқталып, ауылдық жерде заманауи үлгіде мектеп салынғанына ризашылығын жеткізіп, тұрғындардың атынан Мемлекет басшысына алғысын білдірді. Бұдан соң, мерекелік жиын мектеп оқушыларының өнерімен жалғасып, алғашқы қоңырау соғылды.

Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания балалардың игілігіне берілген ғимараттың символикалық кілтін мектеп ұжымына салтанатты түрде табыстады. Жайлы мектептің лентасы салтанатты түрде қиылған соң, көпшілік ғимарат ішін аралап, оқу кабинеттерімен танысты.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның тапсырысы бойынша құрылысын «Тараз құрылыс дизайн» ЖШС жүргізген білім ошағы 600 балаға шақталған. Оқушылар үшін барлық жағдай қарастырылып, кабинеттер техниканың соңғы үлгісімен жабдықталып отыр. Ғимаратта 35 оқу бөлмесі, 2 спорт зал, 2 компьютер кабинеті, мәжіліс залы, кітапхана және асхана, ұлдар мен қыздарға арналған шеберхана қарастырылған. Бұдан бөлек, балаларға оқулықтар мен жеке заттарын сақтауға арналған жеке шкафтар қойылған. Жайлы мектепке толығымен бейнебақылау камерасы, сондай-ақ жеделсаты орнатылған.

– Мемлекет басшысының бастамасымен ауылымызда зәулім білім ошағы бой көтеріп, қуанышымыз еселеніп жатыр. Жаңа білім нысаны ауылымыздың ажарын ашып тұр. Мектептерде орын тапшылығы болғандықтан, ұл-қыздарымыз көрші ауылдарға қатынап, білім алуға мәжбүр болды. Ұлттық жобаның шарапаты біздің ауылға жетіп, балаларымыз жайлы мектепте білім алғалы отыр. Ғимаратты аралап, ұл-қыздарымыз үшін заман талабына сай барлық жағдай жасалғанына көз жеткіздім. Бірінші сыныпқа баратын ұлымның жаңа әрі жайлы мектепте білім алатынына шексіз қуаныштымын. Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз, – дейді ауыл тұрғыны Гүлзада Мыңжасарқызы.

Айта кетейік, биыл облыстың білім саласын дамытуға 317,8 миллирад теңге бөлініп, өткен жылғы көрсеткіштен 13,5 пайызға артқан. Ал, жоспар бойынша 2024-2025 жылдары 41 білім нысанының құрылысы жүргізілмек. Жыл соңына дейін 18 мектептің құрылысын аяқтау көзделуде. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 12 мектеп салынады. Оның ішінде 6 мектеп биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, 96 мектепті ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталса, 10 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. Бұдан бөлек, білім беру мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 1,9 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Жалпы, білім күніне орай Тараз қаласында «Арай» және «Казарма» тұрғын үй алаптарында екі мектеп пайдалануға берілсе, Меркі, Қордай, Сарысу ауданындағы 3 білім ұясының ғимараты жаңаланып, тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілген. Ал, биылғы оқу жылында облыстағы 507 орта білім беру ұйымы 248 мыңнан аса оқушыға есігін айқара ашып, 21 мыңға жуық оқушы 1-сыныпқа қадам басты.

 

Нұрболат АМАНБЕК