Әлеумет

Тұрақты дамудың негізгі факторы

Бүгінде мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірқатар жолдары белгілі. Солардың негізгілері – жылу электр станциялары, гидроэлектр станциялары, баламалы энергия көздері. Аталған энергия көздерін өндіру жолдарының өздеріне тән артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де жеткілікті.

Мысалы, біздегі жылу электр станцияларының басым көпшілігі (шамамен 80 пайыз) көмір отынымен жұмыс істейді. Яғни, қоршаған ортаға келтіретін зиянды әсері жоғары әрі көмірдің де қорын ескерген жөн. Табиғи газға ауыстыруға газдың қоры жеткіліксіз, әрі қымбатқа түседі, себебі еліміздегі өндірілген табиғи газдың 70 пайызы ілеспе газ екенін ескеруіміз қажет. Ал, баламалы, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі жалпы энергия балансының 7-9 пайызын ғана құрап отыр. Гидроэлектр станцияларының үлесін арттыруға бізде су ресурсы тапшы екені белгілі.

Еліміздегі жылу электр станцияларының тозу деңгейі жоғары екенін әрі электр энергиясына деген сұраныс жылдан жылға артатынын, сонымен қатар, Қазақстан уран қоры бойынша әлемде алдыңғы қатардағы мемлекет екенін ескерсек, әрине атом энергетикасын пайдалану әрі дамыту қажет.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Ресей, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония мемлекеттері ядролық энергияның потенциялын мойындап, оны мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі факторы ретінде қарастырып келеді.

Осы орайда, әрине, атом энергетикасын келешекте мемлекеттің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастыруымыз керек. Бірақ, мәселелерді жан-жақты тиянақтап алуымыз қажет деп санаймын.

 

Мұхаммеджан СЕКСЕНБАЙ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, техника ғылымдарының кандидаты.