Әлеумет

Еліміздегі ең арзан балабақша... Таразда

Еліміздегі ең арзан балабақша... Таразда

 Шыны да солай. Мемлекеттік балабақшаларға ата-аналар тарапынан төленетін төлемақы құны Оңтүстік Қазақстан облысында – 7100-10000, Павлодар қаласында – 9200, Қарағанды қаласында – 15000, Алматы қаласында 2-5 жас аралығындағылар үшін – 26700, 5-6 жас аралығындағыларға – 13350, Астана қаласында  10300 теңге және одан жоғары болып белгіленген. Бұл өңірлерде ата-аналар төлемінің мөлшері бағаның жыл сайынғы  өсімімен сәйкестендіріліп те отырады. 

Ал Тараздағы бөбекжайлар төлемақысының мөлшері 2011 жылдан бері еш өзгерместен, былтырғы жылдың наурыз айына дейін 4500 теңгені құрап келген. Былтыр ғана 5700 теңге болып бекітіліпті. Мұның өзі балалардың тәуліктік тамақтануы нормаларын толық орындауға әлі жеткіліксіз, бар-жоғы 51 пайызды ғана құрайды, деп санайды мамандар. Яғни аталған төлемақы есебінен балаларды орташа есеппен тәулігіне төрт мәрте жиырма бір күн бойы ас-тағаммен қамтуға тура келеді. Сонда бір баланы тамақтандыру құны тәулігіне 271 теңгені ғана құрайды емес пе?

25

Жалпы, тиісті заңдылықтарға сәйкес, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын, жан басына шаққандағы қаржыландыру және ата-ананың ақы төлеу мөлшерін ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары бекітетіні белгілі. Тиісті басшылықтар бұл тұрғыда қарекетсіз емес. Қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлзия Зәуірбекованың айтуынша, жуық арада Таразда да балабақша төлемақысының құны жоғарыламақ. – Қалай болғанда да балабақшадағы баланың жайын баршамыз болып бірлесе ойласуымыз керек. Былтыр балабақшаларымыз бірқатар тексерулермен қамтылды. Барлығында да бүлдіршіндерді тамақтандырудың нормалары орындалмайтындығы, яғни, тамақ құнарлылығының кемдігі, сүзбенің, еттің аз көлемде берілетіндігі бірінші кезекте атап көрсетілді. Шын мәнінде де бар-жоғы 271, 4 теңгені бір күнде төрт реттік тамақтандыруға жеткізу еш мүмкін емес қой.

Ал тиісті заңдылықтарға сүйенер болсақ, тәрбиеленушілердің тәуліктік тамақтану нормаларын 100 пайызға орындау үшін ата-аналардың төлейтін төлемақысын 11915,19 теңгеге көтеру қажет болады. Бұл облыстық статистика басқармасынан былтырғы жылдың қыркүйек айында алынған Тараз қаласы бойынша негізгі азық-түлік тауарларының бөлшек-саудадағы бағаларының орташа есебіне әбден сәйкес келеді. Ал тәуліктік норма 90 пайызға орындалған жағдайда ата-аналар тарапынан төленетін төлемақы 10536,54 теңгені, 80 пайыз болғанда 9436,98 теңгені құрайды екен. 

Біз әзірге оның көлемін 8500 теңгеге көтерумен ғана шектелуді жөн деп тауып отырмыз. Бұл – әрбір баланың тамақтану нормасының 70 пайызын құрайтын мөлшер. Осымен байланысты ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары өткен жылдың қазан айынан бастап жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Біздің ұсынысымыз ата-аналардың басым дені тарапынан нақты қолдау тауып та отыр, - дейді ол. Түптеп келгенде, көп нәрсе ата-аналардың төлем қабілетіне де байланысты екені анық. Бұл тұрғыда өзімізше азды-көпті сараптама жасап та көрдік. Ең бастысы, мемлекеттік балабақшалардың игілігін көріп, тиісті жеңілдіктерін пайдаланып отырғандардың басым дені қарапайым еңбек адамдары екен. Балабақшаларда тәрбиеленіп жатқан 12 869 баланың 15-і жетім, 68-і мүгедек, 9-ы оралмандар, 285-і аз қамтылған, 799-ы толық емес, 535-і көпбалалы отбасыларынан, 1849-ы мұғалімдердің, 891-і әскери қызметшілердің, 1253-і мемлекеттік қызметкерлердің, 2103-і бюджеттік сала қызметкерлерінің, 2581-і жеке кәсіпкерлердің, 2403-і басқа санаттағылардың (дені жұмыссыз), ал 43-і студенттердің балалары болып шықты! Шағын орталықтарға барып жүрген балғындар арасында да оралмандар мен аз қамтылған, толық емес, көпбалалы отбасыларынан шыққандарының үлесі молдау. Айтпақшы, қалалық білім бөліміне қарасты мектепке дейінгі білім мекемелеріне баратын 12758 баланың ата-аналары арасында «Толыққанды тамақтану және сіздің балаңыз» тақырыбында жүргізілген сауалнама нәтижесі де жаман емес. Ата-аналардың бұл шараға 9924-і қамтылыпты. Респонденттердің басым дені бала денсаулығы үшін оның дене және жүйке-психикалық дамуының алғышарты тиімді тамақтану екенін жоққа да шығармайды. Азық-түлік бағасының көтерілуіне және ҚР Үкіметінің 2011жылғы 30 желтоқсандағы №1684 қаулысымен бекітілген санитарлық нормалар талаптарын сақтауға байланысты төлемақы құнын олардың 7778-і (78,4 пайызы) 8500, 674-і (6,8 пайызы) 9436, 98, 583-і (5,8 пайызы) 11915,19 теңгеге көтеру ісімен келісетіндігін жеткізген. – Тәуліктің он сағатын балабақшада өткізетін бүлдіршіннің «тамағы тоқ, көйлегі көк» болуы, дұрыс тамақтануы бәрінен де маңызды. Олардың ойлау, сөйлеу қабілеті, жетілуі, дені сау болып өсуі - бәрі де балабақшадан басталады. Сондықтан осы мәселеге байланысты ата-аналардың әрқайсысымен жеке-жеке кездесіп, сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын одан әрі де жалғастыра беретін боламыз», – дейді Гүлзия Расылханқызы.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол». Тараз қаласы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.