Білім

Оқулықпен қамтуда олқылық жоқ

Инемен құдық қазғандай оқу ісінде бағдаршам іспетті бағыт көрсететін оқулық екені даусыз. Санаулы күндерден соң басталғалы тұрған жаңа оқу жылында облыс оқушылары оқулыққа түгелдей қол жеткізе алады ма? Осы сұраққа жауап іздедік.

Облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұловтың мәлімдеуінше, оқушылар оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін қажетті қаржы бөлінген. Біз бұл туралы ата-аналардан да сұрастырдық. Қаладағы ғана емес, ауылдардағы бала өсіріп отырған ата-аналар да мектептер оқулықпен толықтай қамтамасыз еткенін айтты. Қыркүйек айы жақындағанда мектептердегі кітапханалардың алды қалың кезекке толатын бұрынғы көрініс көз алдымызда. Осындай қарбаласты болдырмаудың ұтымды тәсілін тапқан Тараз қаласындағы №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназиясының кітап тарату ісіне ата-аналары да дән риза.

Расында, әлі де кітап таратумен қарбаласып жүрген мектептер бар көрінеді. Облыстың білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев 21 тамызда жүргізілген мониторинг қорытындысының көрсетуімен Тараз қаласы бойынша кітапханадағы бар оқулықтар толық таратылып бітпегенін айтқан болатын.

Бұл Білім күніне санаулы күн қалған шақ. Ендеше, сабақтың басталуы таяғанда кітап алуға асыққан балалардың кезегі әлі де қалыңдауы бек мүмкін.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА