Халық мүддесін қорғайтын қастерлі құжат
Елдің елдігін айшықтайтын, мемлекетіміздегі бірліктің берік іргетасын қалайтын басты құжат – Конституция. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен екі жыл бұрын Ата Заңымызға өзгерістер енгізілді. Ата Заңға ұсынылған түзетулерді конституциялық референдум кезінде ел азаматтарының басым бөлігі қолдады. Осылайша, халық өз таңдауын жасады. Жаңартылған басты құжат азаматтардың құқығын танытып, халықтың мүддесін қорғауда жаңа мүмкіндіктерге, игі істер мен бастамаларға жол ашты. Сол себепті, егемен еліміздің жаңа тарихын жазған саяси реформа – конституциялық реформа ел өміріндегі жаңа сапалық кезең, өзгерістер бастауы саналады. Жалпы, халқымыз əу бастан «азаттықтың алтын қазығы» деп айшықтаған Конституцияда барлық азаматтың құқықтары мен міндеттері, мызғымас құндылықтарымыз бен қағидаттарымыз, мемлекеттілігіміздің басты ұстындары айқын əрі анық жазылған. Сондай-ақ, бас құжат мемлекетіміздің əлеуметтік-экономикалық дамуының, заң үстемдігінің, тұрақтылық пен келісімнің кепілі болып қала бермек.
Конституция күні қарсаңында Конституциялық сот пен Парламентаризм институтының бірлесуімен «Конституция: құқық үстемдігінің, азаматтық қоғамның және қазіргі мемлекеттің құндылықтарын іске асыру» атты халықаралық конференция өткізгені белгілі. Еліміздің саяси және даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын осынау жиын Ата Заңымызға арналды. Іс-шараға Конституциялық соттың судьялары, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, ғылыми жəне заң қоғамдастығының, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы кеңсесінің өкілдері, сондай- ақ Германия, Финляндия, Швейцария, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің сарапшылары қатысып, адам құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетудегі конституциялық бақылаудың рөлі туралы пікір алмасты.
Басқосуда басты назар мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі Конституциялық сот төрелігін жетілдіруге аударылса, халықаралық сарапшылар конституциялық бақылаудың өз тəсілдері мен үлгілерін ұсынды. Жиында әуелі сөз алған Конституциялық сот төрағасы Эльвира Əзімова қатысушыларды алдағы Конституция күнімен құттықтап, көпжақты диалогтың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету – заң шығару жəне құқық қолдану аясындағы баршаға ортақ міндет. «Барлық мемлекеттік орган мен лауазымды тұлға осы бағытта жүйелі, жоспарлы жəне мақсатты түрде жұмыс істеуге тиіс. Бұл ретте азаматтардың қатысуы осы үдеріске өз ықпалын тигізеді. Сондықтан азаматтарымыздың құқықтық мəдениетінің жоғары деңгейі мемлекеттілікті нығайтуға, қауіпсіздік пен құқықтық тəртіпті сақтауға жəрдемдеседі», – деген Эльвира Әбілхасымқызы жыл басынан бері Конституциялық сотқа азаматтардан 7 мыңнан астам өтініш келіп түскенін жеткізді.
Ал, оларды қарау нəтижесінде 252 шешім қабылданған. Оның ішінде, заңдар мен заңға тəуелді актілердің нақты нормаларының Конституцияға сəйкестігін тексеруге арналған 50 нормативтік қаулы бар. «Конституциямыздың 30 жылдығы қарсаңында алдымызда əрбір азамат тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болатын жəне қорғауында болатын Əділетті Қазақстанды ілгерілету жөніндегі Мемлекет басшысы белгілеп берген саясатты іске асыруды жалғастыру міндеті тұр», – деді Э.Əзімова. Сондай-ақ, басқосуда Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев Ата Заңымыздың қысқаша тарихына тоқталып өтті. Оның айтуынша, 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция мемлекеттілігімізді дамытудың, адам құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтаудың берік іргетасын қалады. Ал, 2022 жылғы конституциялық реформа ел тарихындағы жаңа дəуірдің басталуын белгілеп берді.
Жалпы, ел тарихындағы кейінгі үш жыл бетбұрыс кезеңі болғаны рас. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен күрделі реформалар басталып, Ата Заңға енгізілген өзгерістер саяси институттарымыздың тиімділігінің артуына, қоғамдық-саяси өмірді демократияландырудың қарқын алуына себепші болды. Иә, əділетті мемлекеттің басты сипаттамасы – заң үстемдігін іс жүзінде жүзеге асырумен көрініс табады. Ал, Конституция мен заңдарға енгізілген өзгерістер де осыған бағытталған. Құқықтық танымның негізі – ешбір мемлекеттік орган, лауазымды тұлға, ешбір адам заңға бағыну міндеттемесінен босатылмайтынын түсіну. Азаматтардың мемлекет алдындағы жауапкершілігі болғаны секілді, мемлекеттік билік те азаматтар алдында жауапты.
Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде сот саласына айрықша көңіл бөлініп, тиісті жағдайлар жасалып, оң өзгерістер орын алуда. Әсіресе, ақпараттық технологияның дамуы бұл салаға тың серпін беріп отыр. Мәселен, халық үйден шықпай-ақ, арызын беріп, сот үдерісін бақылай алады. Бұл – халықтың сот жүйесіне деген сенімінің арта түсуі үшін аса маңызды. Бүгінде тағылымды тарихы, өз орны қалыптасқан облыстық сотта азаматтық, қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізуде ең алдымен адалдық, туралық, заңдылық қағидаттары басшылыққа алынады. Осы жылдың 6 айында Жамбыл облысының соттарында 754 тұлғаға қатысты 623 іс үкім шығарумен аяқталған. Оның ішінде, 743 тұлға сотталса, 11 тұлғаға қатысты ақтау үкімі шығарылды. Есепті кезеңде азаматтық істер бойынша облыстағы бірінші сатыдағы соттармен 9336 іс өндірісімен аяқталды. Оның ішінде, 5238 іс шешім шығарумен, 1535 іс медиациямен, 160 іс бітім келісім шартымен және 2 іс партисипативтік келісімін жасаумен қаралды. Ал, әкімшілік істер бойынша әкімшілік әділеттің аясында 436 әкімшілік іс қаралып, 131 шешім шығарылды. Сондай-ақ, облыс соттарында әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер бойынша 7855 іс қаралды.
Атап өтерлігі, бірер жыл бұрын облыстық сот жаңа ғимаратқа көшкен еді. Бұл – халық игілігі және заң үстемдігі үшін еңбек ететін судьялардың жұмысына жаңа серпін бергені сөзсіз. Ал, жаңартылған Конституция жаһандық жəне аймақтық сын-қатердің талаптарына жауап беретінін жəне елде болып жатқан саяси трансформация үдерістерінің негізі ретінде қызмет ететіні өз алдына бөлек әңгіме. Ендеше, Конституцияның үстемдігі елдің тұрақты дамуының кепілі болып қала береді. Өйткені, Ата Заңның əр бабы əркімнің қадір-қасиетін, бостандығы мен əділдігін заңнамалық əрі тəжірибелік тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталған.
Ербол АХМЕТЖАНОВ,
Жамбыл облыстық сотының төрағасы.