Әлеумет

Ұлт мұратының қорғаны, Ұрпақ арманының қанаты

Тәуелсіздіктің тұғырын алты Алаштың төрінен алты құрлыққа айшықтап, дархан даламыздың даралығын дүние жүзіне дәлелдеп тұрған Ұлы Даладағы тарпаң халқымыздың алтын қазығы, мемлекетіміздің маңдайына біткен жауһар мөрі, бұл – ардақты Ата Заң екені айтпасақ та түсінікті. Қазанаттай қоғамымызда оның басты қазынасы – адам өмірі. Өткен мен болашақты, бірлік пен бейбітшілікті, ырыс пен ынтымақты, ұлттар мен ұрпақтарды жалғап, біте қайнаса байланыстырып тұрған кемеңгер Конституциямызды айқара ашып, Ата Заңымыздың айтулы мерекесін айбынды азат еліміздің ашық аспаны астында тағы да атап өткелі отырмыз.

Тәуелсіз ел тіршілігінің һәм өміршеңдігінің төлқұжатына айналған айбарлы Ата Заңымыздың тағылымды тарихы да, кемел келешегі де мазмұнды, мағыналы. Ол заман талабын қанағаттандырып, егемен ел үшін қалтқысыз қызмет етуде. Кең далаға кіндік қаны тамып, өмірге шыр етіп келген әрбір шақалақты өзінің қанатының астына алып, бесігін берік қолына ұстап, оның жан-жақты жетілуіне, білім алып, бәйтеректей биікке бекінуіне жағдай жасайтын да, жарқын болашақтың алтын кепілі де – Ата Заң.

«Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» һәм ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданылып келген Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» секілді дала заңдары бұл күнде ел шежіресіндегі құқықтық ескерткіш, жәдігерлерге айналды. 1688 жылы небәрі 25 жасында Қожаберген жырауды Әз Тәуке бастаған барша қазақ жақсылары ордабасы етіп сайлағаны да, оның сол кезде:

Мұқияттап хаттадым,

Әз-Тәукеге қызмет қып,

Жаздым «Жеті Жарғыны».

Салыстырып талдадым,

Бергі менен арғыны, – деген жыр жолдарын қалдыруы да осының айғағы.

Осынау бір шумақ жыр бабаларымыздың жан-жақты данышпан болғандығын да аңғартып тұрған жоқ па? Осындай бекзада бабалардың бүгінгі ұрпағы да осал емес, керісінше озық ойлы оғлан екендерін оң істерімен дәлелдеуде.

Жалпы, дала заңдарынан кейін ең алғашқы Конституция Қазақ Автономиялы Республикасы кезінде 1926 жылы 18 ақпанда қабылданса, одан кейін 1937, 1978 және 1993 жылдары бекітілді. Ал, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі Заң да осы – 1995 жылы қабылданған Конституция. Бұл құнды құжатты талқылауға 3 миллион 345 мың адам қатысыпты.

Баһадүр бабалар өз заманының заңғар заңдарын Қожабергенше жырласа, бүгінгі азат елдің арқалы ақыны Маралтай Райымбекұлы қазіргі Конституцияны:

Ата заңым – iргесi нық, ұлы елiм,

Ата заңым – жанды жерiм – жүрегiм.

Ұрпақ үшiн лайықты өмiрдi,

Қамтамасыз ететұғын тiрегiм!

…Ата заңым – сырт жауыңнан қорғаған,

Ата заңым – ел мұратын қолдаған.

Бұл далада толыққанды, жүйелi,

Бұған дейiн осындай заң болмаған, – деп тебірене толғайды.

Қабылданған күнінен бастап әлемдегі ең жас Ата Заңымыз азат елдің ар-намысына, ел өмірінің өркениетті дамуына бағдар беретін, қоғамдық қарым-қатынастардың кез келген үлгісін әмбебап реттеуге күші жететін және Қазақстанның әлемдік аренада лайықты мәртебеге ие болуына септігін тигізетін маңызды құжатқа айналды. Мемлекетіміз әлемдік қауымдастықтарға мәртебелі мүше болып, экономикасы мен саясатын, мәдениеті мен руханиятын қайта жаңғыртты.

Бүгінгі Конституциямызды ел жастарының жанашыры деп толық сеніммен айтуға болады. Себебі, оның арқасында Ұлы Дала жастары білімнің сарқылмас теңізіне, танымның тартылмас мұхитына желкен жайып, өнер мен спортта, ғылым мен шығармашылықта байрағымызды биіктетуде. Өзге тілдің барлығын меңгеріп, өз тілін құрметтеуде. Шетелде тәжірибе жинап, туған жерге ту тігуде. Адал еңбек етіп, берекелі отбасын құрып, баспаналы болуда. Жарқын болашақтың жауынгер, бәсекеге қабілетті, санасы ұлтының салт-дәстүрінен сусындаған, рухы халқының құндылықтарына суарылған ұрпақ тәрбиелеуде. Осының барлығына айбынды Ата Заң мол мүмкіндік беріп, бар жағдайды жасап отыр. Ал, енді оны құрметтеу – әрбір ұрпақ үшін азаматтық міндет, перзенттік парыз.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ