Білім

Өңірде 100-ге жуық мектеп ағымдағы жөндеуден өтті

Жамбыл облысында 2024-2025 жылдары аралығында 41 білім беру нысанының құрылысын жүргізу жоспарланған. Биыл 18 білім беру нысанының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Оның 6-уы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында қолданысқа беріледі.

Бұдан бөлек, 9 білім ұясы мен 1 мектептен тыс мекемеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Ал, 96 білім нысанын ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды.

Алдағы жаңа оқу жылына дайындық барысы қаралған басқосуда облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов баяндама жасады.

Басқарма басшысының айтуынша, жаңа оқу жылында облыстағы 507 орта білім беру ұйымы 248 мыңнан аса оқушыны қабылдайды деп күтілуде. 1-сыныпқа болжам бойынша 20 800 бала қабылданады. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақ, киім-кешек және жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге 5,6 миллиард теңге бөлінді. Оқу жылына киім-кешек алу үшін әр балаға 47 389 теңгеден берілді. «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы жалғасуда. Бүгінге дейін демеушілердің есебінен 1 481 балаға 38 миллион 747 мың теңгенің көмегі көрсетілді. 1-4 сыныптағы оқушылар ыстық тамақпен толық қамтылады.

Басқосуда облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Құрмет Мәжікенов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары туралы хабарлама жасады.

Ербол Қарашөкеев жауаптыларға оқушыларды 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етуді, облыстағы оқу орындарының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін анықтауды, полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камераларын жіті тексеруді тапсырды. Бұдан бөлек, білім мекемелеріне қажетті көмірдің сапасына назар аударып, қазандыққа жауапты мамандарды оқудан өткізуді ұсынды.

Білім, құрылыс басқармалары мен аудан басшыларына жоспарланған жұмыстарды назардан тыс қалдырмай, мектептердің сапалы әрі мерзімінде тапсырылуын қамтамасыз етуді талап етті.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.