Білім

20 мыңнан аса бүлдіршін мектепке барады

Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылып, барлық білім беру мекемелері жазғы демалыстан оралған оқушыларын қарсы алуға дайын. Биыл облысымызда 20 мыңнан астам бүлдіршін 1 сыныпқа қабылданады. Ал, өткен оқу жылында облыстағы 507 орта білім беру ұйымын 248 мың 45 оқушы аяқтады.

САПАЛЫ БІЛІМ САНАЛЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕЙДІ

12 мың 604 түлек мектеп бітірді. Олардың ішінде 386 түлек «Алтын белгі» төс белгісін алса, 809 жасөспірім мектепті үздік аттестатпен аяқтады. Оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 65,9 пайызды құрады. Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа балл 84,5 болды. Өткен жылмен салыстырғанда 100-ден жоғары балл алған мектеп бітірушілер үлесі 6,1 пайызға артты. Облыста жаңа оқу жылында 507 орта білім беру ұйымдарына 248 мыңнан аса оқушы келеді деп күтілуде.

Бүгінде облыста 11 білім бөлімі, 1239 мекеме жұмыс істейді. Облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұловтың айтуынша, облыста 587 мектепке дейінгі білім беру, 507 орта білім беру, 76 қосымша білім беру ұйымы және 42 колледж, 25 ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекемелер қызмет атқарады. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы мен жасөспірімдер үйінде де жас жеткіншектер тәрбие алуда. Жалпы, 337 мыңнан аса бала мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылса, оларды оқытып, тәрбиелеуге 40 мыңға жуық педагог күш салуда.

Білім мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты мәселе. Жауапты басқармасы басшысының айтуынша, облыста мемлекеттік 689 білім беру ұйымдарының 150-і террористік тұрғыдан осал емес объектілерге, 257-сі бірінші топқа, 282-сі екінші топқа жатады.

Оқушылардың білім сапасына, ақпараттық құзіреттілігіне тікелей әсер ететін фактор – жоғарғы жылдамдықтағы интернетке қолжетімділік екенін бүгінгі уақыт көрсетіп отыр. Облыстық білім басқармасы басшысының сөзіне сенсек, өңірде мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Интернет жылдамдығы секундына 20 Мбиттен жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 63 пайыздан 97,4 пайызға көтерілген. Республикада қолға алынып отырған интернет жылдамдығын көтеру бойынша «Старлинк» жобасына облыстағы 53 мектеп еніпті.

ТӘРБИЕМЕН БЕРІЛГЕН БІЛІМ ҚҰНДЫ

Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – олардың рухани-эстетикалық, дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуына әсер ететіні сөзсіз. Тәрбие мазмұнын айқындауда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, биылғы оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында жүзеге асырылуда. Балалардың сабақтан тыс уақыттарын дұрыс ұйымдастыру мақсатында облыста 78 мектептен тыс мекеме жұмыс істейді. Қосымша біліммен қамту үлесі 81,8 пайызды құрайды.

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар жаңа жобалар да біртіндеп енгізілуде. Осы мақсатта өткен жылы финдік «KiVa» бағдарламасы 3 мектепте, «ДосболLIKE» бағдарламасы 5 мектепте сынақтан өткізілген. Кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алуға бағытталған «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесі өткен оқу жылынан бастап облыс мектептеріне пилоттық жоба ретінде енгізіліп, психология ғылымдарының кандидаты Г.Вероцкаяның «Бестерек» жобасы арқылы облыс психологтарының білімін арттыру қолға алынған.

Биыл ашылған «Облыстық психологиялық қолдау орталығында» білім алушылар мен олардың ата-аналарына, педагог қызметкерлерге педагогикалық-психологиялық мәселелер бойынша консультациялар беріліп, кәсіби психологиялық көмек көрсетілмек.

Облыста 8200 мүмкіндігі шектеулі баланың 6670-і (81,3 пайызы) оқумен және тәрбиемен қамтылған. Осы бағытта облыста 26 арнайы мекемелер мен кабинеттер жұмыс істейді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының есебінен 90,8 миллион теңгеге 4 арнайы мектеп-интернат қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бүгінде облыста 18 жасқа дейінгі балалар саны 463 618 болса, олардың 1225-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Өткен жылы аталған санаттағы 59 бала мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алған.

КОЛЛЕДЖДЕРДЕ «БРЕНД» МАМАНДЫҚТАР ҚАЛЫПТАСТЫРЫЛАДЫ

Жастарға кәсіптік-техникалық білім беру – олардың болашаққа нық қадам басуы үшін маңызды. Бүгінде облыста 22 мемлекеттік және 20 мемлекеттік емес колледж жастарды кәсіптік-техникалық бағытта оқытып отыр. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын ірі өндірістермен, университеттермен салалық кластерлер құру жұмыстары қолға алынған. ІТ және аграрлық саланы дамыту мақсатында білім басқармасы, «SDU» және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеттері арасында ынтымақтастық меморандумдары жасалды.

Облыс бойынша әр колледжге өз саласы бойынша бренд мамандықтарды қалыптастыру үшін қадамдық жоспар жасап, жұмыс жүргізуге нақты тапсырмалар берілген. Осыған сәйкес, бүгінде Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің «ІТ», №7 Бетқайнар колледжінің «BK-7 Textile» мамандықтары бренд мамандықтар ретінде оқытыла бастады.

Биыл алғаш рет техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында бәсекелестікті қалыптастыру мақсатында сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ете білетін үздік колледжді анықтау, оларды қолдау, ынталандыру үшін «Колледждер-лигасы» жобасы іске асырылған. Бұл жоба жыл сайын жалғаса бермек.

Колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше назар аударылуда. Өткен жылы 1 колледж күрделі жөндеуден өткізілсе, 4 колледжде ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, Қаржы орталығы арқылы Тараз қаласында 2 жатақхана салынып қолданысқа берілсе, онда 128 студент орналасқан.

Биыл №7 Бетқайнар колледжінде «Бизнес инкубатор» салынды. Бұл облыстағы алғашқы жоба. «Ол студенттерді өз бизнесін ашуға дайындап, шағын кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізеді» – дейді мамандар. Сонымен қатар, көршілес Қырғыз мемлекетімен меморандумға қол қою арқылы отандық өнімді нарыққа шығару арқылы, колледждің материалдық-техникалық базасы нығайтылады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА