Жаңалықтар

Сегіз отбасына пәтер кілттері табысталды

Елімізде халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тікелей Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асып келеді. Осы мақсатта Конституция күні қарсаңында Шу қаласында бірқатар отбасы баспаналы болды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев үйлі болған қоныстой иелерін құттықтап, салтанатты түрде пәтер кілттерін табыстады.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өткен жылы қала тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша 60 баспана табысталған. Аталған бастама аудан орталығында да жалғасын тауып, Төле би ауылында екі қабатты тұрғын үйден 2-3 бөлмелі 8 пәтер берілді.

Мерекелік жиында ақсақалдар ақ батасын беріп, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Осы күні Шу қаласының тұрғыны, жеті баланың анасы Гүлзинат Аманжоловаға да баспаналы болу бақыты бұйырды. Аймақ басшысы көпбалалы ананың жаңа шаңырағына құтты болсын айтып, теледидар тарту етті.

Жаңа қоныстанушылардың жай-күйімен танысқан облыс әкімі алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді. Айта кетейік, облыста тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында жыл сайын құрылыс көлемі ұлғайып келеді. Бұл бағытта өткен жылы 1100 пәтерлі 19 тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 2 569 пәтерлі 51 көпқабатты тұрғын үйді тапсыру жоспарланған.

 

Нұрболат АМАНБЕК