Жаңалықтар

Туған жердің түлегі

Көзіқарақты оқырманға Мырзахан Ахметті таныстырып жату артық болар. Ақындығымен, сазгерлігімен, қайраткерлігімен елге танылған ол бүгінде Алматы қаласында тұрады. Ақын лирикаға толы 60 әннің авторы. Жуырда «Достық» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Мырзахан Рахманбердіұлының сазға толы «Жанымның ақ шуағы» атты шығармашылық кеші өтті.

Оған еліміздің түкпір-түкпірінен Мырзахан Ахметтің өнерін мойындаған замандастары, достары, әріптестері арнайы келсе, аудан халқы да сүйікті ақынын үлкен қошеметпен, ыстық ықыласпен қарсы алды. Бүгінде жетпіс деген белесті бағындырған ақын-сазгердің құрметіне мәдениет үйінің ауласында көрме дайындалған болатын. Онда еңбек жолын аудандық «Жаңа өмір» газетінің корректорынан бастап бас редакторы, аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасары және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ақпарат-баспа орталығының директоры қызметіне дейін жүріп өткен жарқын жүздесулері мен кездесулерден сурет галереясы жасалған. Бір қанатында ақынның бүгінге дейін жарық көрген жиырмаға тарта кітап макеттері қойылған. Жалпы, мұнда ақын-сазгердің өмір жолы мен шығармашылығы оқырманына жан-жақты таныстырылды.

Негізгі іс-шара мәдениет үйінің кең залында жалғасын тапты. Кеш ақынның сөзіне жазылған «Беу, беу Жуалы» әнімен ашылды. Бүгінгі күні жуалылықтардың гимніне айналған өлеңнің сөзі де, әні де Мырзахан Ахметтікі.

Ақынды аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтап, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын жеткізіп, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әртістері ақынның бір топ өлеңдерін сахналық қойылым арқылы тебіренте оқып, көрерменін ә дегеннен баурап алды. Осыдан кейін ақ тілектердің легі ақтарылып сала берді. Елордамыз Астана, Алматы мен Шымкент қалаларынан келген елдің мүйізі қарағайдай марқасқалары жүрекжарды тілектерін арнап, ақынға деген құрметтерін көрсетіп, жерлестері алдында абыройын асырып тастады.

Ал аймақ жұртшылығы атынан ақынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев құттықтап, ыстық ықыластарын тебірене жеткізді. Ақынға достары мен жерлестері ат мінгізсе, ұлы, айтыс аламанында облыс намысын қорғап жүрген Қанат Мырзаханұлы әкесіне темір тұлпарды сыйға тартты.

Осындай құрметке бөленген ақын да тебіренбей тұра алмады. Елдің ыстық ықыласына бөленген Мырзахан Ахмет: «Осы залда Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 60 жылдығын өткізгенде Баукең не айтар екен деп толғандық. Шерхан Мұртазамен өткен кездесулерде қасында жүріп, қолдау көрсеттік. Енді қарап отырсам, кезек маған да келіп қалған екен. Көрсетіп жатқан құрметтеріңізге рахмет. Мен сол бойымдағы өлеңім, ән-жырым елге қалсын, өзіммен кетіп қалмасын деп жарыққа шығардым» деп ағынан жарылып, туған жерге алғысын жеткізді.

Кеште облыстық филармонияның әншілері сазгердің әндері мен өлеңдеріне жазылған шығармаларын орындады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы